Қазақстандық жағажай волейболшылары Құрлықтық кубоктың ақтық кезеңінде сәтті өнер көрсетуде

АЛМАТЫ. 21 маусым. ҚазАқпарат - Қытайдың Фучжоу қаласында жағажай волейболшылары Құрлықтық кубогының ақтық  кезеңі өтіп жатыр.

Қазақстандық жағажай волейболшылары Құрлықтық кубоктың ақтық кезеңінде сәтті өнер көрсетуде

20 маусымда басталған бұл жарыс 24-маусымда аяқталады. Онда үздік шыққандар Лондонда өтетін ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасына ие болады. Оған ерлер арасында 14 елден 28 жұп, ал әйелдер арасынан 13 елден 26 жұп қатысуда.

Бұл дүбірлі додада ерлер арасында 1/8 финалда бүгін Қазақстан мен Жаңа Зеландия командалары 1:1 есебімен тең түсті.  Онда Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешов екі ойында да қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсті. Алексей Сидоренко мен  Александр Дьяченко алғашқы кездесуде 0:2, екінші кездесуде 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Ертең олар енді ширек финалда Австралия, арғы күні жартылай финалда Оман командаларымен кездеседі. Омандықтар кеше Шри-Ланка құрамасын 3:0 есебімен ұтқан болатын.

Ал әйелдер  арасындағы 1/8 финалда  қазақстандықтар индонезиялықтарды 3:2 есебімен ұтты. Онда  екі кездесуде де  Татьяна Машкова мен  Ирина Цымбалова 2:0 есебімен ұтса, Бақытгүл Самалықова мен Любовь Богату 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Сондықтан қосымша тағы бір ойын өткізіліп, онда Татьяна мен Ирина 1:0 есебімен басым түсті. Енді жерлестеріміз жартылай финалда Вьетнам спортшыларымен күш сынаспақ. Вьетнамдықтар бұған дейін жаңазеландиялықтарды 3:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын.