17:19, 01 Қазан 2010 | GMT +5
Қазақстандық жағажай волейболшылары Үндістандағы Ченнай Челленджер турының ширек финалдық жолдамасын сарапқа салуда
АЛМАТЫ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жағажай волейболынан Үндістанның Ченнай қалаласында өтіп жатқан Ченнай Челленджер турында қазақстандықтар бүгін неміс қыздарымен сынға түсуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Волейбол федерациясына сілтеме жасап.
Қыркүйектің 29-ы күні жалауын көтерген бұл жарыста ел намысын 2 жұп қорғаған болатын. Инна Рахматулина мен Людмила Исаеваның алғашқы сайыста Малайзия спортшыларына 1:2 есебімен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалған еді. Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова үш кездесуде де қарсыластарынан мерейі үстем шықты. Олар бірінші ойында нидерландиялықтарды 2:0 (23:21, 21:11) ұтып, одан кейін АҚШ-тың екі бірдей жұбын 2:1 (21:16, 18:21, 15:10) және 2:0 (21:19, 21:17) етіп жеңіп ширек финалға бір табан жақындаған болатын. Бүгін олар енді шешуші сында неміс қыздарымен сынға түсуде.