Қазақстандық жаңа мультхикая «Шрек» пен «Аватарды» жасаған технологиялар арқылы түсірілді

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Батырлар» атты 3D анимациялық мультхикаясын түсіру барысында «Шрек» мультфильмі мен «Аватар» фильміне қолданылған технология пайдаланылды. Бұл туралы бүгін мультхикаяның тұсаукесерінде продюсер Айнұр Темірханқызы айтты.

Қазақстандық жаңа мультхикая «Шрек» пен «Аватарды» жасаған технологиялар арқылы түсірілді

Мультхикаяны «Kazakhstan Computer Graphics» компаниясы «Қазақстан» корпарациясының тапсырысы бойынша түсірген. Айнұр Темірханқызының айтуынша, «Motion Capture» технологиясы 3D анимациялық фильмдер жасауда уақытты 10 есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Туындының сюжеті ХVII-XVIII ғасырларды қамтиды. Фильмде жоңғар шапқыншылығы кезінде-ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жауға қарсы шапқан Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай сынды батырлардың ерліктері баяндалады. Мультфильм үш бөлімнен тұрады, әр бөлім жоғарыда аталған батырлардың біріне арналған.

«Туындыны жарыққа шығармас бұрын көптеген психологтар мен тарихшылардан кеңес алдық. Батырлар туралы тарихты барынша шынайы әрі нақты дәлелдермен беруге тырыстық», - дейді А. Темірханқызы.

Мультхикаяны көрермен жуық арада «Балапан» және «Қазақстан» телеарналарынан көре алады.