Қазақстандық және ирандық компаниялар коммерциялық келісім жасауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық және ирандық компаниялардың арасында бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Иран Ислам Республикасына ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация барған болатын.
«Бүгін мұнда біздің және ирандық компаниялардың арасында бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылады. Соның ішінде ҚР ИДМ-нің «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігінің көмегімен. Бірнеше отандық компания Иран Ислам Республикасының нарығына шығады. Инвестициялық келісімдер де бар», деп жазады Фейсбуктегі парақшасында министрліктің баспасөз хатшысы Қайсар Жұмабайұлы.
Еске сала кетсек, 11 - 12 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Президент Хасан Руханидің шақыруымен Иран Ислам Республикасына барады.