Қазақстандық және мысырлық әуе компаниялары Мысырдан келе алмай жатқан 147 Қазақстан азаматын елге жеткізуге әзір - Азаматтық авиация комитеті

Бұл туралы сейсенбі күні ҚазАқпарат тілшісіне Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Баянбек Смағұлов хабарлады.
Оның айтуынша, Азаматтық авиация комитеті қазақстандық Trast әуе компаниясы жалдаған экипажы болгарлық АН-320 ұшағының Алматы-Хургада-Алматы бағыты бойынша ұшуына рұқсат берген жоқ, себебі болгариялық ол лайнер 2010 жылдың қаңтар айының соңына дейін тек Таиландқа чартерлік рейстер жасауға рұқсат алған. «Біз болгариялық ұшақтың Қазақстаннан Мысырға және кері бағытта ұшуын жөн көріп отырған жоқпыз, себебі қазақстандық және мысырлық ұшқыштардың өздері де мұндай рейстерді орындай алады. Біздің ұшқыштарымыздың өзі жұмыссыз отыр», деп атап көрсетті Б.Смағұлов өз сөзінде.
Қазіргі таңда қазақстандық SCAT компаниясы мен бірқатар мысырлық әуе компаниялары біздің азаматтарымызды Мысырдан әкелуге әзір екендіктерін білдіріп отыр. «Бұл біздің азаматтарымызды еліне жеткізуді ұйымдастыра алмай отырған туроператордың проблемасы», дейді Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.
Бұдан бұрын бірқатар ақпараттық агенттіктер хабарлағандай, Қазақстанның 147 азаматы қаңтардың 11-інен бері Мысырдан елге орала алмауда. «Оn travel» туристік компаниясының бас директоры Наталья Линниктің айтуынша, бұл оқиғаға «ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Trast әуе компаниясының ұшағына Алматы-Хургада-Алматы бағыты бойынша ұшуына рұқсат бермеуі» себеп болып отыр. «Осы шешім рейстердің кешігуіне соқтырып, бізге де, әуе компаниясына да үлкен қаржылық шығын әкелді», -дейді Н.Линник ханым. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта қазақстандық туристер туристік компанияның есебінен Хургадада қонақүйлерге жайғастырылған.