12:21, 10 Наурыз 2019 | GMT +5
Қазақстандық жас ауыр атлет АҚШ-тағы әлем чемпионатында алтын медаль алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Американың Лас-Вегас қаласында жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Чемпионаттағы алғашқы медальды Қазақстан құрамасының қоржынына 16 жастағы спортшы Сайрамкез Ақмолда салды. Алматы облысының тумасы 61 килограмға дейінгі салмақ санатында алтын медальды жеңіп алды. Ол екісайыстың қорытындысы бойынша 257 кг зілтемір көтеріп (жұлқи көтеруде - 112 кг, серпе көтеруде - 145 кг), берілген алты мүмкіндіктің барлығын ұтымды пайдаланды. Екінші орынды түрік спортшысы Юсуф Фехми Генч - 254 кг (108+146) алды, ал үшінші орынға вьетнамдық Динх Санг Буй - 243 кг (113+130) тұрақтады.
Айта кетейік, 8 наурызда басталған жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты 15 наурызға дейін жалғасады. Оған әлемнің 50 елінен 13-17 жастар шамасындағы 200-ден астам атлет қатысуда. Қазақстан құрамасы осы додаға 5 спортшысын қосқан.