Қазақстандық жас дзюдошылар әлем чемпионатын 12-орында аяқтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Чилидің Сантьяго қаласында дзюдодан кадеттер арасында өткен әлем чемпионатында отандастарымыз екі медаль олжалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 64 елінен 428 жас спортшы қатысқан әлем біріншілігінде Қазақстан кадеттер құрамасы ел қоржынына 1 күміс және 1 қола медаль салып, командалық есепте 12-орыннан көрінді.
Күміс жүлдені 60 келіде ел намысын қорғаған Нұрзат Сәлімбаев жеңіп алды. Ол алғашқы белдесуінде - Алижандро Ретималды (Чили), екінші айналымда - Курбонали Базаровты (Тәжікстан), ал 1/8 финалда Томас Коузо Аспитианы иппонмен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда моңғол дзюдошысы Нармандах Баянмухты иппонмен жеңіп, финалға шыққан болатын. Финалда ресейлік Казбек Нагушевке есе жіберіп, «күмісті» қанағат тұтты.
Екінші қола медальды 81 келіде татамиге шыққан жерлесіміз Серікболсын Шынтас қанжығасына байлады. Ол жұбаныш белдесуінде тайпейлік Хсу Шиенанды иппонмен жеңіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Маңызды доданың қола медалі үшін тәжікстандық балуан, кадеттер арасында Азия чемпионы Маджидов Джохонгирді иппонмен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Кадеттер арасындағы әлем чемпионатын бірінші орында 12 медальмен Жапония құрамасы (3 алтын, 2 күміс, 7 қола), екінші орында 8 медальмен Германия құрамасының спортшылары (3 алтын, 1 күміс, 4 қола) және үшінші орында 6 медальмен (2 алтын, 1 күміс, 3 қола) Ресей құрамасы аяқтады.
Командалық сайыста Қазақстан кадеттер құрамасы алғашқы айналымда Ресей құрамасына жол беріп, жүлдесіз қалды. Әлем чемпионатының командалық сайысындағы үздік үштік мынадай: І орын - Ресей, ІІ орын - Бразилия, ІІІ орын - Жапония.