17:19, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстандық жас футболшылар шеберліктерін Бразилияда шыңдайтын болды
АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін еліміздің спорт саласының мамандары футбол жанкүйерлеріне қуанышты жаңалық жеткізді. Жақын күндерде қазақстандық 26 жас Бразилияның «Оле Бразиль ФК» футбол академиясында білім алу үшін осы елге аттанады.
26 жасөспірімнің ішінде елордадағы №36 орта мектептің 8-ші сынып оқушысы Фархат Жәнібеков те бар. Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Астана қалалық №8 балалар мен жасөспірімдердің арнайы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебінің директоры Жомарт Сабыржановтың айтуынша, аталмыш шара Қазақстан мен Бразилия президенттері арасындағы арнайы келісім негізінде жүзеге асырылғалы отыр. «Спорт және туризм министрлігінің Спорт комитеті Қазақстанның футбол федерациясымен бірлесе отырып, өткен жылдың желтоқсан айының 2-сі мен 7-сі аралығында шетелде спорттағы біліктіліктерін жалғастыруға лайықты деген 40 баланы сынақтан және медициналық тексеруден өткізді. Сөйтіп, олардың арасынан 26-сы таңдап алынды», - деді Ж. Сабыржанов. Оның сөзіне қарағанда, іріктелгендер республиканың түкпір-түкпірінен жиналған және олардың барлығы дерлік қазақ жастары.
«Бразилия футболын елге таныстырып жату артық болар. Онда болашақ футболшылар 5 жастан бастап тәрбиеленеді. Ал спортпен айналысуға жасалған жағдайларды айтып жеткізу мүмкін емес. Оның бәрін біз өз көзімізбен көріп қайттық. Біздің балғындарымыз осы елде 27 ай, яғни 3 жыл бойы біліктіліктерін арттырып қайтады. Әзірге мұнда қиындық тудырып отырған бір ғана мәселе бар. Ол - тіл үйрену. Басқадай проблемалар жоқ. Жастарымыз жыл сайын бір рет елге демалуға келіп, сол уақытта мектепте алатын білімдерін жалғастырады. Біз олардың Бразилиядан қаншалықты деңгейде мықты спортшы болып оралатындығын айта алмаймыз. Бірақ, бір нәрсе анық. Олар шеберліктерін айтарлықтай шыңдайтын болады», - дейді Жамбыл облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім меңгерушісі Болат Жуасбаев.Астаналық Фархат Жәнібеков Балалар мен жасөспірімдердің арнайы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебінде Қазақстанның еңбегі сіңген бапкері Амангелді Ұтқановтың жетекшілігімен 8 жылдан бері тәрбиеленіп келеді. Осы уақыт аралығында Фархат үлкен биіктерді бағындырған. Басты жетістіктерінің бірі - 2007 жылы футболдан Қазақстан біріншілігінің қол жүлдегері атануы. Ұйымдастырушылардың айтуларынша, қазақстандық жастардың Бразилиядағы қауіпсіздіктері толық қамтамасыз етіледі. Олар наурыздың 5-і күні жолға шықпақ.