Қазақстандық жас маманды Google компаниясы жұмысқа шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әли Жүсіпов Еуразия ұлттық университетінің механика-математика факультетін математикалық және компьютерлік модельдеу мамандығы бойынша тәмамдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық жас маманды Google компаниясы жұмысқа шақырды

Ол Google компаниясынан шақыру алып, биылғы қыркүйек айынан бастап Цюрихтегі кеңсесінде бағдарламашы-құрастырушы болып жұмыс істеп жатыр.

Әли бұған дейін Яндексте тағылымдамадан өтіп, сонымен қатар «Сбер» компаниясында бағдарламашы-әзірлеуші ретінде еңбектеніп үлгерді.

Дарынды студент ЕҰУ-да оқыған жылдары бағдарламалау саласы бойынша көптеген халықаралық олимпиада мен жарыстарда жеңімпаз атанып, сондай-ақ шахмат пен баскетболға әуес болды.

Бүгінде ЕҰУ түлектерінің көпшілігі отандық және шетелдік IT-компанияларда табысты еңбек етіп жүр.

ЕҰУ механика-математика факультеті бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 15 білім бағдарламасы аясында жоғары білікті мамандарды даярлайды.