Қазақстандық жас математиктер халықаралық олимпиадада топ жарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгарияда өткен International Mathematics Competition (IMC) халықаралық олимпиадасынан Қазақстан командасы жүлдемен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қазақстандық жас математиктер халықаралық олимпиадада топ жарды

International Mathematics Competition (IMC) - 14 жасқа толмаған, 4-8 сынып оқушылары арасындағы халықаралық математикалық олимпиада. Олимпиаданың негізгі қатысушылары мен ұйымдастырушылары - Азия елдері, оның ішінде Малайзия, Сингапур, Қытай, Тайвань, Гонконг, Филиппин, Таиланд тағы басқалар. Биылғы олимпиадаға Азия елдерінен бөлек Канада, Мексика, Кипр, Иран және Оңтүстік Африка елдерінен өкілдер қатысты.

nullӘлемнің 31 мемлекетінен келген жас математиктер сайысына Қазақстан 2013 жылдан бастап тұрақты қатысып келеді. Қазақстанның биылғы командасында республиканың әр өңірінен іріктеп алынған 16 оқушы бар.

nullОлимпиада нәтижесінде қазақстандық математиктер 5 жүлделі және 7 өлшеуіш (меритов) орындарды иеленді. Атап айтсақ, Райымбек Байшуақ - алтын, Әди Сахантаев пен Байсейіт Есенбай - күміс, Олжас Махажанов пен Диас Арыстанбек - қола медальды еншіледі. Одан бөлек, 7 өлшеуіш орын бар.

null «Бұл жетістік ұзақ жылғы дайындық пен үздіксіз тәжірибе алмасудың нәтижесінде келді. Оның үстіне жыл сайын қатысушылардың саны артқандықтан, олимпиада шарттары мен кезеңдері де қиындауда. Соған қарамастан біздің бүлдіршіндер үмітті ақтап, Қазақстанға биыл бірінші рет алтын алып берді. Одан бөлек, оқушылар өзара білім жарыстырып қана қоймай, бір-бірімен араласып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды», - деді Қазақстаннан барған жас математиктер командасының жетекшісі Айдын Жамбыл.