Қазақстандық жас теннисші елордада халықаралық турнирдің ширек финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, 21 жастағы Бейбіт Жукаев «Дәулет» теннис орталығында ITF World Tennis Tour M 25 сериясы бойынша өтіп жатқан жарыстың ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жас теннисші елордада халықаралық турнирдің ширек финалына шықты

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Б.Жукаев екінші айналымда отандасы Григорий Ломакинмен бақ сынасты.

Ақтау теннис мектебінің түлегі 1 сағат 8 минутқа созылған матчта 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Б.Жукаев бәсеке барысында 10 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.

Бейбіт жартылай финалға шығу үшін канадалық Филипп Пеливомен таласады. Бір апта бұрын қазақстандық теннисші алғашқы айналымда осы спортшыға тартысты матчта 1:6, 6:2, 6:7 (3:7) есебімен есе жіберген болатын. Дегенмен Б.Жукаев сол турнирде ресейлік Андрей Кузнецовпен бірге жұптық сында жеңімпаз атанған еді.

Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев елорда додасының екінші айналымында поляк Михал Дембектен 4:6, 4:6 есебімен ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Санкт-Петербургте жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.