Қазақстандық жас теннисшілер Германиядағы жарыста жеңіске жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас теннисшілер Баварияда (Германия) екінші санаттағы Tennis Europe сериясы бойынша өткен Junior Bavarian Open 2023 жарысында табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Әдия Омарбек жекелей сында финалға дейін жетіп, онда корт иесі Франческа Парселлиге есе жіберді – 2:6, 2:6.
Есесіне жұптық сында чемпиондық атақ қазақстандықтарға бұйырды. Титул үшін бәсекеде Линара Бөлешева мен Кристина Крученко аустралиялықтар Отт – Расселді қапы қалдырды – 6:3, 6:2.
Линара – белгілі футболшы Әлібек Бөлешевтің қызы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бублик Канададағы мастерс турнирінде ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Монреаль мастерс турниріне шақырту алды.
