Қазақстандық жасөспірім баскетболшылар Азия чемпионатында өз тобында 2 орында келеді
АЛМАТЫ. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Малайзияда баскетболдан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында ел құрамасы бүгін филиппиндік құрдастарының осал тұсын таба алмады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Джохор-Бахру қаласында қарашаның 19-ында жалауын көтерген бұл байрақты бәсекеде Борис Борисовтың шәкірттері алғашқыда Бахрейн құрамасынан 63-54 (18-14, 14-9, 18-21, 13-10) есебімен басым түскен еді. Бүгін филиппиндік құрдастарына 50-76 есебімен (14-16, 10:19, 13:14, 13:27) есе жіберді. Олар В тобындағы келесі ойынын ертең Жапония баскетболшыларымен өткізеді. Қарашаның 27-сіне дейін созылатын бұл дүбірлі додада Азия чемпионы атағын өз тобында 1-2 орын алған командалар ғана сарапқа сала алады.