Қазақстандық жастар Африкадағы 250 адамға ауызашар асын берді
Дастархан 250 адамға жайылған. Ұйымдастыру жұмыстарын Африкадағы мұсылман халқына ауызашар беретін қор қолға алған. Алматы қаласы мен Ақтөбе облысындағы 50-ге жуық белсенді жас сол қорға ақша аударған.
«Қасиетті Рамазан айындағы игі істердің төресі - ауыз аштыру. Африка мұсылмандары ауыздарын қара сумен ашатынын естігенде ас беру ойы туындады. Олардың күнкөріс деңгейлері өте төмен. Ауызашар бағдарламасы бойынша бір адамды тамақтандыруға 1 доллар, яғни 380 теңге шамасында жұмсалады екен. Қазақстанда бұл баға бір адамға - 600-1500 теңге. Оның үстіне, елімізде ауызашар беріп жатқандар өте көп. Өңірлердегі әрбір мешітте де олар күнделікті тегін ұйымдастырылады. Аталмыш елдегі халықтың жағдайына қарап шүкіршілік етсек деген ой», - дейді ұйымдастырушылардың бірі Ержан Мизамов.
Оның айтуынша, алдағы күндері еліміз жастары Мысырда білім алып жатқан 80-ге жуық қазақстандық студентке ауызашар асын беруді жоспарлап отыр.
«Ұсыныстар өте көп түсуде. Оның ішінде, Қазақстандағы жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық шараларын ұйымдастыру бар», - дейді ол.
Айта кетейік, 6 мамыр күні басталған Рамазан айы 5 маусымға дейін жалғасады. Қасиетті Қадір түні - 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ал 5 маусым - ораза айтының бірінші күні. Биылға белгіленген пітір-садақа көлемі - 300 теңге.