Қазақстандық желаяқ әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі әлем чемпионатында 400 метрге жүгіруден қазақстандық Михаил Литвин жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.
400 метрге жүгіру сайысының алғашқы іріктеу сайысына 32 қатысушы 6 топқа бөлініп жүгірді. Литвин төртінші топта сынға түсті. Әр топтан екі үздік және уақыт көрсеткіштері жоғары тағы 6 атлет жартылай финалға жолдама алды.
Отандасымыздың қарсыластары 2017 жылғы Лондонда өткен әлем чемпонатының күміс жүлдегері Майкл Черри (АҚШ), Рио Олимпиадасының қатысушысы Виталий Бутрым (Украина), Рафал Омелко (Польша), Мохаммед Нааил (Мальдив аралдары) болды.
22 жастағы Литвин мәре сызығын 47.16 секундта өз тобында үшінші болып кесіп өтіп, жартылай финалға өтті.
Әлем чемпионатының регламенті бойынша жартылай финалға 18 спортшы жолдама алады. Олардың арасында жерлесіміз де бар.
2 наурыз. Жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты. Бирмингем. 400 метрге жүгіру, ерлер. 4-топ:
1. Майкл Черри (АҚШ) - 46.99
2. Рафал Омелко (Польша) - 47.13
3. Михаил Литвин (Қазақстан) -47.16.