Қазақстандық жеңіл атлет Азия чемпионатында «алтын» алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасы жабық кешенде өтіп жатқан Азия чемпионатында екінші алтын медальды қоржынға салды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА ҚР Жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап.

Қазақстандық жеңіл атлет Азия чемпионатында «алтын» алды

Әйелдер арасында үш қарғып секіруден құрама атынан 2017 жылғы жазғы құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері Ирина Эктова мен қола медаль иесі Мария Овчинникова шықты.

Овчинникова төртінші нәтижені көрсетті, ал тәжірибелі Эктованың көрсеткіші өзінен кейінгі қарсыласынан 42 сантиметрге көп болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін 3 000 метрге жүгіру бойынша Татьяна Нерознак Азия чемпионы атанған еді.

Жабық кешендердегі АЧ-2018, үш қарғып секіру, әйелдер:

1. Ирина Эктова (Қазақстан) - 13,79 м.

2. Шина Нелликал (Үндістан) - 13,37 м.

3. Тхи Тху Тхао Буи (Вьетнам) - 13,22 м.

Еске салайық, 1 ақпан күні Иранның Тегеран қаласында жабық кешендегі Азия чемпионаты басталды. Қазақстан атынан дүбірлі додаға 25 жеңіл атлет қатысуда.