Қазақстандық жеңіл атлеттер Петерборда жарыс жолына шығады

САНКТ-ПЕТЕРБОР. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Қазақстандық жеңіл атлеттер маусымның 28-інде  Петерборда өтетін ХХ-шы халықаралық  «Ақ түндер» марафонына қатысады.

Қазақстандық жеңіл атлеттер Петерборда жарыс жолына шығады


Екі арақашықтық бойынша өтетін марафонға - 42 шақырым 195 метрлік және 10 шақырымдық қашықтыққа  әлемнің 25 елінен барлығы 2 000 желаяқ қатысады.

ҚазАқпарат тілшісі хабарлағандай,  марафоншылардың  жүгіретін жолы бүкіл әлемге танымал  сәулет ескерткіштері: Исакиев соборы, Мыс салт атты, Васильев аралының атқыштары, Петропавл қорғаны орналасқан қаланың орталық бөлігі  арқылы өтетін етіп жасалған.

Дәстүрлі марафонға атақты спортшылармен қатар әуесқой жүгірушілер, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлер, мүгедек спортшылар да қатысады. Марафонды тамашалауға орталық алаңға 10 мың көрермен жиналады деп күтілуде.

Қатысушылардың саны  жағынан «Ақ түндер» халықаралық марафоны Ресейдегі спорт шараларының атақты үштігіне енеді.  Шараның сыйлық қоры күшті марафоншыларды  жүгіруге ынталандырады.  Соңғы жылдары әйелдер арасында марафон көрсеткіші жетістігі екі рет жаңартылды.  2007 жылы марафон рекордын Юлия Громова жаңартса, 2008 жылы - Наталья Соколова да жаңа рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Ерлер арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш Николай Керимовке (Ульянов қаласы) тиесілі, оның көрсеткіші - 2:11:46 болса, әйелдер арасында Наталья  Соколова (Санкт-Петербор) ең жоғары көрсеткішке жетті - 2:37:26.