Қазақстандық жоғары оқу орындары ғарыш мамандарын дайындай алады - ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары М.Молдабеков
nbsp; АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстандық жоғары оқу орындарының әлеуеті ғарыш саласындағы мамандарды даярлауға жетеді.
Бүгін Астанада басталған «Дағдарыстан кейінгі кезеңде ғарыш саласындағы мамандарды даярлау» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінде шетелде ғарыш саласындағы кәсіби мамандарды даярлау жұмысы сол елдің азаматтығын алу және дайындық курстарының қысқа болуына байланысты ойдағыдай жүзеге аспай жатады. «Бұл мәселені шешуге қажетті біздің жоғары оқу орындарының бүгінгі әлеуеті әбден жеткілікті. Сондықтан оны нақты іске жұмылдыру қажет. Осы орайда ең бастысы, ғарыш саласындағы кәсіпорындардың бүгінгі сұранысын және осы сұранысты өтей алатын жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерттеп, анықтап алған жөн», - дейді М.Молдабеков.
Жиын барысында «Ғарыш зерттеулері мен технологиялары ұлттық орталығы» АҚ-сының вице-президенті Есмағамбет Исмаил атап көрсеткендей, бүгінгі таңда отандық ғарыш саласына 27 мамандық бойынша дайындық жүргізу қажет. «Мәселен, қазіргі кезде тек «Бәйтерек» кешенін іске қосу жұмысына ғана 1122 маманды тарту керек», - дейді ол.