Қазақстандық жолаушылар мінген автобус жол апатына ұшырады

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Ресейдің Новосібір облысы бойынша төтенше жағдайлар ведомствосынан хабарлағандай, 17 шілде күні түнгі сағат 00.59-да (Астана уақыты бойынша) Новосібір қаласынан Томскіге бара жатқан жолдың 80-шақырымында «Авиа» жолаушылар автобусы апатқа ұшырады.

Қазақстандық  жолаушылар мінген    автобус    жол  апатына    ұшырады

«КамАЗ» көлігімен соғысып қалған автобус аударылып кетіп, өртке оранды, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Авиа» автобусы 16 шілде күні сағат 10.15-те Семей қаласындағы халықаралық автовокзалдан «Семей-Новосібір-Томск» бағыты бойынша жолға шыққан болатын. Автобус салонында 32 жолаушы: 27 ересек, 3 бала және 2 жүргізуші болған. Олардың сегізі - Қазақстан азаматтары - 7-еуі ересек адамдар, 1-еуі бала.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан 5 жолаушының, 3 ересек адамның және 2 баланың қаза болғаны хабарлануда. Олардың азаматтықтары қазір анықталуда. Сондай-ақ 18 жолаушы жарақат алған. Олар қазір ауруханада.