Қазақстандық жұмыс берушілер 5 мың студенттің оқу ақысын төледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жекеменшік компания есебінен 5 мыңға жуық студент тегін білім алуға мүмкіндік алды.
Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі және жоғары білім беру мекемелері мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуына қатысты шараларды жүзеге асыруда. 2013-2014 оқу жылында жұмыс берушілердің тарапынан - 4,9 мың, түрлі деңгейдегі әкімдермен - 2,5 мың, ректорлармен - 2,5 мың грант бөлінген. Сонымен қатар әлеуметтік тұрмысы төмен 19 мыңнан астам студенттің оқу төлеміне жеңілдіктер жасалды», - делінген министрліктің ресми жауабында.
ҚР БҒМ-нің хабарлауынша, жұмыс берушілердің гранттары негізінен Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында қажетті мамандықтарға бөлінген.