Қазақстандық жүргізушілер жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін интернет арқылы 1,2 млн. теңгеден астам айыппұл төледі
АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстандық жүргізушілер жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін интернет арқылы 1,2 млн. теңгеден астам айыппұл төледі,
деп хабарлады ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Электрондық үкіметтің» жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жол полициясы қызметкерлері белгілеген айыппұлды төлеу қызметі өткен жылдың қараша айынан бастап еліміздің барлық аймағының тұрғындары үшін қолжетімді. Бүгінгі күні төлемнің аталған түрі бойынша www.egov.kz порталы арқылы бюджетке 1 250 000 астам теңге түсті», - делінген хабарламада.
Айыппұлды «онлайн» тәртібінде төлеу үшін жүргізуші куәлігі не болмаса әкімшілік бұзушылық туралы хаттама мәліметтерін (бланк сериясы, нөмірі, жол қозғалысы ережесін бұзған күні) www.egov.kz порталындағы арнайы жолақта көрсету қажет.
Айыппұлды Visa немесе Mastercard төлем карточкаларының көмегімен төлеуге болады. Электрондық төлемнің тиімділігі, бірінші кезекте, айыппұлдың өтелгені туралы ақпарат бірден ІІМ Жол қозғалысы ережесін бұзу туралы орталықтандырылған деректер қорына келіп түседі. Осыдан кейін айыппұл өтелген болып есептеледі.
Айыппұлды өтегеннен кейін қолданушыға электрондық чек беріледі. Ол қолданушының электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде сақталады.
Қажет болған жағдайда не болмаса бұрын алып қойған жүргізуші куәлігін қайтарып алу үшін оны басып шығарып, ішкі істер органдарының жол полициясы бөліміне көрсете аласыз.
Ведомствоның атап өтуінше, жақын күндері «электрондық үкімет» порталында бейнебақылау жүйелерінде тіркелген жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды «онлайн» төлеу қызметі ұсынылады.