Қазақстандық зілтемірші Спорт сотына ХОК пен WADA-ның допинг туралы шешіміне талапарыз берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық зілтемірші Мария Грабовецкая Лозаннадағы (Швейцария) Спорттық төрелік сотқа талапарыз берді, деп хабарлады RNZ.
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Грабовецкая қола медаль ұтқан. Биыл допинг-сынаманы қайта тексергеннен кейін оң нәтиже көрсетті. Таяу уақытта оның медалін кері қайтарып алуы мүмкін.
ХОК (Халықаралық олимпиада комитеті) пен WADA (Халықаралық допингке қарсы агенттік) жүргізген допинг-сынаманың қайта тексеру нәтижесімен келіспеген Грабовецкая CAS-қа жүгінді.
Егер украиндық Ольга Коробка мен Грабовецкая күміс және қола медальдарынан айырылған жағдайда, күміс Бейжіңде төртінші болған Самоалық Эла Олелогеге бұйырады.
RNZ-қа берген сұхбатында Олелоге Коробка мен Грабовецкая CAS-қа талапарыз бергеннен кейін наградасын әзірге ала алмайтынын айтқан.
"Осынша жылдан кейін тағы бір-екі ай, мүмкін апта әлде одан көп күтуім өкінішті", - деп хабарлады Олелоге.
Самоа Ауыр атлетика федерациясы талапарыз туралы ақпаратты растады. Ұйым халықаралық ауыр атлетика федерациясынан Коробка мен Грабовецкаядан «В» сынама оң нәтиже бергені жайлы хабарлама алған.
Бұдан бұрын ХОК допинг салдарынан 2012 жылғы Олимпиада ойындарында қазақстандық зілтеміршілері Майя Манеза, Зульфия Чиншанло және Светлана Подобедовны медалдарынан айырған.
Таяу уақытта тағы қазақстандық бес зілтеміршінің шешімі шығады. Олардың ішінде Илья Ильин, Мария Грабовецкая, Ирина Некрасова, Владимир Седов пен Алмас Өтешов бар. Ильинде тыйым салынған зат екі Олимпиада сынамасынан табылған. Қазақстан екі алтын, бір күміс, бір қола жүлдеден айырылып қалуы мүмкін, деп жазады Вести.кз.