Қазақстандықтар балаларына Илья және Зүлфия деп ат қоюда
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Лондондағы Олимпиада күндерінде балаларына Илья және Зүлфия есімдерін жиірек қоя бастады.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Тіркеу және құқықтық көмек көрсету қызметі комитетіне сілтеме жасап, «Казахстанская правда» газеті жазады.
Биылғы Олимпиаданың басталуынан қазіргі уақытқа дейін 75 нәресте Илья есімін алды, өткен айдың осындай кезеңінде Илья есімі 31 балаға ғана берілді. Бұл есімнің танымал болуын Олимпиадада алтын медаль иеленіп, қоссайыста әлемдік рекордқа қол жеткізген ауыр атлет Илья Ильиннің табыстарымен байланыстыруға болады.
Жаңа туған қыз балалар арасында Зүлфия есімі көш бастап отыр - Олимпиада уақытында 11 балаға бұл есім берілді. Өткен айда Зүлфия деп бір қыз ғана атанған еді. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық Зүлфия Чиншанло да Лондонда алтын медаль иеленді, ол велошабандоз Александр Винокуровтың жеңісінен кейін екінші алтын болды. Қосып өтейік, ата-аналардың ешқайсысы баласына Олимпиада немесе Лондон есімін берген емес.