Қазақстандықтар банк картасы арқылы 35,3 трлн теңгенің операциясын жасаған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы банк картасы арқылы жасалған аударымдардың 81% интернет төлемдер мен мобильді банкингке түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандықтар банк картасы арқылы 35,3 трлн теңгенің операциясын жасаған

Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы банк карточкаларын пайдаланатын қазақстандықтар 35,3 трлн теңгені құрайтын 3 миллиардқа жуық қолма-қол ақшасыз операция жасаған. Оның 81% онлайн-транзакцияларға тиесілі болған.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйене отырып таратқан мәліметтің мәнін Қаржы министрлігі былайша түсіндіреді.

«Мұндай өсімнің негізгі себебі – карантиндік шектеулер. Қолма-қол ақшамен жасалмайтын транзакциялардың жалпы санындағы онлайн-транзакциялардың үлесі 2020 жылдың соңында 66% құрады. Ал 2020 жылдың басында ол тек 46% болған еді. 2020 жылдың соңында мобильді және интернет-банкингті белсенді қолданушылар саны 82% көбейіп, 14 миллионды құрады. Жалпы, бұл қызметтерді қолданушылар саны бір жыл ішінде 46% өсті», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.