Қазақстандықтар банк және микроқаржы ұйымдарының жұмысына қатысты 35,3 мың хат жолдаған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр қазақстандықтар тарапынан банк және микроқаржы секторындағы ұйымдардың жұмысына қатысты 35 мыңнан астам өтініш түскен. Мұндай деректер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ашық талқыға шығарған Реттеу саясатының консультативтік құжат-жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Былтыр Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке және заңды тұлғалардың 35 337 өтінішін қарады. Ал 2021 жылы мұндай өтініштер саны 42 925 болды. Тұтынушылар өтінішінің 99% банк және банктік емес ұйымдар секторына тиесілі. Талдау көрсеткендей, банк және микроқаржы саласындағы негізгі өтініштер – банктік қарыздар мен микрокредиттерді кешіру, оларды қайта қарау және нормативтік-құқықтық актілердің нормаларын түсіндіру бағытында. Зерттеу нәтижесінде қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін дұрыс есептемеу, жасырын комиссиялар, сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәнінен және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінен асып кету, жалған тұтынушылық кредиттерді ресімдеу сияқты проблемалар анықталады», - деп жазылған Ашық НҚА порталында жарияланған Реттеу саясатының консультативтік құжатында.
Қоса кетсек, бұған дейін ипотека алатындар азайып, кепілсіз несиеге сұраныс артқанын жазған едік.