Қазақстандықтар бір мезгілде 100 мың ағаш отырғызады

АНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Жасыл жапырақ - Зеленый лист» акциясы аясында қазақстандықтар бір мезгілде 100 мың түптен астам ағаш көшеттерін отырғызады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов мәлім етті.

М. Елеусізов ҚР президенттігіне үміткер ретінде өз бағдарламасында республикамызды көгалдандыру бастамасын көтерген еді. Бұл идея Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауына ие болып, Үкімет аталмыш мәселемен айналысуды Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеген болатын.

Бастама аясында ертең, 23 сәуір күні елдің әрбір аймақтарында 100 мың түптен астам ағаш көшеттері отырғызылмақ. Экологтардың үндеуіне Қазақстанның барлық азаматтары қолдау білдірген. Экоодақ басшысының айтуынша, бұл шараға 1 млн. астам адам, соның ішінде 360 мың жас буын өкілдері қатысады. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің барлық ведомстволық құрылымдары мен ұйымдары шараға тартылып, 140 мың данаға жуық көшет даярланды.

«Биыл жасыл екпелер егу шарасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Дүниежүзілік Жер күніне арналып отыр. Акция мақсаты еліміздің әрбір өңірін көріктендіріп, экология мәселелерін шешу, жастарды туған өлкеге және мемлекетіміздің болашағына қамқорлық жасау рухына тәрбиелеу»,-дейді М. Елеусізов.

Мемлекеттік орман қорының аумағында қаламшалар мен көшеттер отырғызу науқаны да осы шараға тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан облыс әкімдіктерінің қарауындағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері 23 сәуірде шара шеңберінде ағаш тұқымдарының 3,4 млн. данадан астам екпесін отырғызады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жыл сайын 22 наурыз бен 22 сәуір аралығында өткізіліп тұратын дәстүрлі шараға айналады. Жыл сайын егілетін көшеттердің саны арттырыла береді, 15-20 жыл өткен соң болашақ ұрпақ бұл шараның нағыз жемістерін көретін болады.

«Егер біз бұл шараны жыл сайын өткізіп отырсақ, Қазақстан бірнеше жылдардан кейін жасыл мемлекетке айналады»,-дейді М. Елеусізов. Экологтың атап өткеніндей, бір мезгілде 100 мыңнан астам көшет отырғызу шарасын ол Гиннесс рекордтар кітабына енгізуге сұраным жолдаған. Комиссия өз кезегінде бұл шараға қызығушылық танытып, келесі жылы өздерінің бақылаушыларын жіберетіндіктері жөнінде уәде еткен.

Соңғы жаңалықтар
Референдум