Қазақстандықтар былтыр мұражайға 6,1 млн рет барған

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2022 жылы Қазақстан халқы мұражайға 6 097 мың мәрте барса, 2021 жылы 5 104 мың рет болған. Халықаралық мұражай күніне орай статбюро осы мәдени мекемеге барушылар жайлы статистикалық мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандықтар былтыр мұражайға 6,1 млн рет барған

Мұражайға барушылардың басым бөлігі Түркістан облысында – 1 492 мың келуші, одан кейін Астанада – 643 мың келуші және Шығыс Қазақстан облысында – 564 мың, барушылардың саны Шымкент қаласының музейлерінде ең аз – 43 мың.

Бұл ретте Шымкент қаласында мұражай саны да көп емес – бесеу.

Жалпы 2023 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда барлығы 271 мұражай жұмыс істесе, бір жыл бұрын оның саны жетеуге кем болған.

Мұражай саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр – 27 мұражай.

Ақтөбе облысында 20 мұражай және Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысының әрқайсында 19 мұражайдан.

271 мұражайдың 48-і – тарихи, 109-ы – өлкетану, 65-і – мемориалдық, тағы 14-і – қорық мұражай, 11-і – өнертану және басқа.

Айта кету керек, 4 мұражай жекеменшік, қалғаны – мемлекет меншігінде.

Мұражайларда барлығы 2,6 миллион экспонат сақтаулы.