Қазақстандықтар джиу-джитсудан V әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Португалияда 10-17 сәуір күндері өткен жауынгерлік джиу-джитсудан V әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.
Бұл жайында ҚазАқпаратқа «Джиу-джитсу Профи Файт» ұлттық федерациясының президенті Дәурен Мұса мәлім етті.
Оның атап өтуінше, Португалияда өткен байрақты бәсекеде көптеген қазақстандық спортшылар бірнеше дүркін әлем чемпионы атанып қайтты. «Жаттықтырушылар құрамының мол тәжірибесі мен талантты жастарымыздың арқасында әлемдік спорт қоғамдастығында қазақша джиу-джитсу деген жаңа түсінік пайда болды», - деді Д.Мұса.
Аталған федерациясының вице-президенті Қанат Тілеуімбетовтің атап өтуінше, әлем чемпионатына еліміздің барлық өңірінен спортшылар барған.
«Чемпионатқа әлемнің 23 елінен 100-ден астам спортшы қатысты. Жарыс нәтижесінде Қазақстан 4 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды», - деді ол.
Сонымен Руслан Тезекбаев, Ерлан Тілеуімбетов, Қанат Жақыпбаев Әшім Қали әлем чемпионы атанса, Бағлан Сарекенов, Замир Сексембаев, Максим Коновалов, Мәди Досмұхамбетов, Анатолий Долгов күміс жүлдегер атанды. Ал қола медаль Азамат Ақатаев, Мақсат Бұқабаев, Анатолий Долгов, Умар Янковский және Нұрхат Берденовтердің қанжығасына байланды.