Қазақстандықтар Елбасын сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтауда

АНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еліміздің барлық аймақ­тарынан Қазақстан Республикасы Президенті болып қайта сай­ла­нуы­на байланысты құттықтау хаттар мен жеделхаттар ағылып келуде.

Қазақстандықтар Елбасын сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтауда

Сонымен қатар Қазақстанның жазушылары, ғалымдары, өнер қайраткерлері, жастар ұйымдары, басқа да салаларда қызмет жасап жүрген қоғам өкілдері, сондай-ақ Еуропа, Түркия, Қытай және Моңғолияда тұратын қазақ диаспораларының өкілдері президенттік сайлаудың қорытындысына қызу қолдау білдіріп, мәлімдемелер жасауда.

***

Құттықтау хаттар мен ізгі лебіздердің бірқатары еліміздегі зиялы қауым өкіл­дерінен келіп түсті. «Жан тебіренерлік жаңа жеңі­сіңіз­бен құттық­таймын! Ел көсегесін көгертер ерен ең­бегіңізге толайым та­быс­тар тілеймін», - делінген Қазақстанның Еңбек Ері, көр­некті қаламгер Әбіш Ке­кілбайұлының хатын­да. Ол Мемлекет басшы­сы­на жү­рекжарды лебізін арнап, денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейді.

Тараз қаласынан жол­даған жеделхатта Қазақстанның халық жазушысы Шер­хан Мұртаза және белгілі қалам­гер­лер Несіпбек Дәутайұлы, Арғын­бай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Елен Әлімжан: «Бұл сайлау тәуелсіз­діктің 20 жылында ақыл-парасаты пісіп-жетілген, тағдырының таңдауын тани алған, ерік-жігері мықты ел-жұрттың ке­мел келбетін көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев мерейінің үстем болуы - қа­зақ­стандықтар даналығының жеңісі! Нұр­сұлтан Назарбаев жеңіс үшін туған болса, ол - ел-жұрттың кемел келбетін көр­сет­ті!» деген пікір білдіреді. Жеделхат: «Ұққанға билік - мемлекеттің жүрегі, халық - соның тірегі» деп түйінделген.

«Қазақтың ұлы перзентін ұлы жеңісімен құттықтаймын! Бақыт құсың аспаныңда мәңгі шарықтасын!», деп жазады көрнекті ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Тұманбай Мол­да­ға­лиев.

Сондай-ақ, жамбылдық ақын Нар­ша Қашағанұлы тілегін: «Көптің ба­сын құраған, Тәңірден халқына бақ сұраған, Туралықтың туын биік ұстаған, Еліңіз Сізге аманат енді, Нұрағам», деген өлең жолдарымен жеткізіпті.

«Қазіргідей дүниенің астан-кестеңі шығып жатқан аласапыранды әрі жауап­ты кезеңінде, замананың қилы-қилы тұ­сында барлық қазақстандықтардың өз болашақтарын ойлап, Сізді таңдап, ел билігінің тізгінін өзіңізге бергендігін халқымыздың тағы бір кемеңгерлігі деп есептеймін», деп жазады Ақмола облыс­тық «Арқа ажары» газетінің бас редак­торы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев жеделхатында.

Сонымен қатар, құттықтау жедел­хат­тары Қазақстанның әр өңіріндегі қа­ра­пайым халық өкілдерінен - түрлі кә­сіп және мамандық иелерінен, зейнеткерлер мен ардагерлерден, ұлттық мә­дениет орталықтары өкілдерінен, ауыл тұрғындарынан, жастар ұйымдары мен студенттерден келді.

Мұндай жеделхаттарды Астана қа­ла­лық жедел жәрдем стансасының ұжымы атынан бас дәрігер Қ.Төсекбаев, Мыр­за­шөл жұрты атынан Оңтүстік Қазақ­стан облысы Мақтаарал ауданы Жылы­су ауылындағы «Ербосын» шаруа қожа­лы­ғының төрағасы Сәруар Тобаға­бы­лов, Оңтүстік Қазақстан облысы өзбек этно­мәдени орталығы атынан орталық төраға­сы Икрам Хашимжанов жол­даған.

«...Қазақстандағы бүгінгі бейбіт өмірді қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған заманмен салыстыруға болады. Мұның бәрі Елбасы - Сіздің күндіз отыр­май, түнде ұйықтамай атқарған қызметіңіздің айшықты айғағы», деп жазады Ақтөбе облысы ардагерлері атынан жеделхат жолдаған бір топ ардагерлер. Олар «рухани азығымыз, мыз­ғы­мас қазығымыз - туған Отаны­мыздың абыройы асқақтай бергей», дей келе, Елбасыға мықты денсаулық, то­лайым табыс тілейді. Жеделхатқа об­лыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Бірманов, Ардақты ана - Б.­Отар­баева, «Мұнайшы» қоғамдық қорының төрағасы Ә.Әкімов сияқты бір топ со­ғыс және еңбек ардагерлері қол қойған.

Ал Жамбыл облысы ардагерлер ке­ңесінің атынан хат жолдаған ардагерлер Т.Төребеков, Ә.Сандыбаев, Т.Жам­былов, Б.Жаңабаев: «Бұл жаппай қолдау Сіздің тәуелсіз Қазақстанды әлем­дегі өркениетті елдер қатарына қо­сып, қуатты әрі дәулетті мемлекет құру жолындағы қайталанбас тарихи еңбе­гіңізге берілген биік баға», деп жазады.

«Бұл жеңіс - Cіздің тынымсыз еңбе­гіңіздің, көреген саясатыңыздың, үлкен парасатыңыздың жеңісі. Бұл жеңіс Қа­зақ­стан халқының Сізге деген ыстық ықыласы, шексіз құрметінің көрінісі» деп жазады Баянауыл тұрғындарының аты­нан құттықтап, игі тілектерін жол­даған еңбек және соғыс ардагерлері М.Рахметов, Т.Молдабаев, Қ.Назарбаев, Я.Солдатенко және Мусин. Осылай жеделхат арқылы құттықтап, тілектестік білдіргендердің ішінде зейнеткерлер - Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданының тұрғыны Т.Қаймулдин мен Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауда­нының тұрғыны Т.Кәрібеков және Қы­зылорда қаласының тұрғыны Г.Ис­майлова да бар.

Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен құттықтап, ақ пейіл, шынайы ниетін білдіріп жатқандардың ішінде жастар да аз емес. «Қазақстан халқы әділ түрде өз таңдауларын жасап, Президентін сайлады. Елдің болашағы үшін болған бұл сайлауда халықтың өзіңізге зор сенім, үлкен үміт артатынын тағы бір мәрте паш етті», делінген бір топ алматылық жастар жолдаған хатта.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жастар комитеті атынан бір топ студент ақ тілектерін арнап, жеделхат жолдады. «Біз Сізге таң­дау жасай отырып, өз болашағымыздың жарқын болатынына сеніммен қарай­мыз» делінген университеттің жастар комитетінің төрайымы Р.Мұхтарқұлова қол қойған жеделхатта. Ыбырай Алтын­сарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты ұжымы мен студенттері де Елбасын құттықтап, жеделхат жолдады. Жеделхат иелері Мемлекет басшысының еліміздің нығая беруіне бағытталған еңбектеріне сәттілік тілейді.

Сондай-ақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еур­азия ұлттық университетінде оқи­тын шетелдік студент Ясын Қатыран өз хатында Елбасыға алғыс сезімін жеткізеді.

Ақтөбе облысының ауыл тұрғын­дары атынан келген жеделхатта әртүрлі ауданның өкілдері Елбасын үлкен же­ңісімен құттықтап, Мемлекет басшы­сының ауылға қамқорлығы мен қолдауы үшін шексіз ризашылықтарын білдіреді. Оған Б.Ғалымов, А.Төлеуов, А.Чемоданов, М.Ақкенжин және тағы да басқа ауыл шаруашылығы қызмет­кер­ле­рі мен кәсіпорындар басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері және еңбек ардагерлері қол қойған.

***

Қазақстанның ғылыми қауымдастығының президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі

Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің болып өткен сайлауы адам­дар­дың Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Н.­Ә.Назар­баев­тың тұл­ғасына деген құр­­меті мен сенімінің тағы бір кезекті айғағына айналды.

Қазақстанның табыста­ры Мемлекет басшысының есімімен тығыз байла­ныс­ты. Оның стратегиялық болжамының, сындарлы да ойлас­ты­рылған саясаты­ның арқасында 20 жыл ішінде көптеген көрсеткіштер бойынша Орталық Азияда көш бастаған жаңа, экономикалық дамыған мемлекет құрылды.

Ұлт Көшбасшысының саясаты әр кезде де мемлекеттің бо­ла­шақ өркен­деуі­нің басты шарты болып табылатын - ғылым мен технологияларды дамы­ту­ға бағдарлан­ған­дық­тан Н.­Ә.На­зар­баев­тың сай­лануы ғалымдардың шығар­ма­шы­лық бастамасына қанат бітіреді.

Президенттің ғылыми-техникалық саланы жетілдіру туралы идеялары зерт­теушілердің инновациялық шығар­ма­шылығын жүзеге асыруының және елдің индустриялық дамуындағы серпілісті қамтамасыз етудің ықпалды құ­ралына айналған «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының жаңа за­ңын­да көрініс тапқан.

Қазақстан ғалымдары Ұлт Көш­басшысының басшылығымен Қазақ­стан ғылымының жаңа биіктерге жетіп, ғылыми жетістіктердің әлемдік қазы­на­сынан лайықты орын алатынына сенімді.

Біз, Қазақстанның бүкіл ғылыми қауымдастығы атынан Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы Назарбаевты сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтаймыз және Отанымыздың өркендей беруі үшін болашақта да оның отандық ғылымды дамыту жөніндегі саясатына қолдау білдіретінімізді жеткіземіз.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері:

Мұрат ЖҰРЫНОВ, Салық ЗИМАНОВ, Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, Сұлтан САРТАЕВ, Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА, Серік ҚИРАБАЕВ.

***

Еліміз ертеңіне сенім мол

Қазақстан жазушыларының мәлімдемесі

Қазақстандықтар кезектен тыс өткен президенттік сай­лауда лайықты таң­дау­ын жасады. Халық өзінің бо­лашақ тағдырын Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевпен тікелей байланыстыраты­нын та­ғы бір дәлелдеп берді.

Біз, еліміздің қаламгер­лер қауымы, ақын-жазушылар бұл ма­ңызды саяси до­даны мұқият қадағалап қана қой­ға­ны­мыз жоқ, Қазақстан та­рихын­дағы Ел­ба­сының ерен тұлғасын, әлем таныған қай­раткерлік болмысын және бола­шақ­тағы атқаратын істерін қа­лың оқыр­манға жеткізуге тырыстық. Сол арқылы халықтың өз қалауын дұ­рыс таңдауына мүмкіндігінше ықпал етуге күш салдық.

Елдегі әрбір саяси-әлеуметтік, эко­но­микалық, мәдени реформаларды жіті бақылап отыратын ұлт зиялылары - ха­лықтың бұл таңдауын мемлекет тағды­рына және ел мүддесіне деген адалдығы деп бағалайды. Ұлты­мыз­дың кемел келешегі жо­лы­н­да жасалған ірі саяси қадам ретінде ұғынады.

Сайлау заң талап­тарына және ха­лық­аралық ережелерге сай ашық, жария әрі әділетті өткенін атап өткіміз келеді.

Қай қоғам болсын қиындықсыз, кедергісіз алға басқан емес. Біз де жаңа құрылып жатқан мемлекет ретінде әлем­дік деңгейдегі саяси талап-тілек­тердің үдесінен біртіндеп шығып келеміз.

Осындай жауапты кезеңде Қазақ­станды өзінің тарихи Отаны санайтын өзге этнос өкілдері үлкен бауырмалдық танытып, ауызбіршілік көрсете білді. Сөйтіп, күллі қазақстандықтардың бұл саяси шешімі - ел ішінде орныққан келісім мен татулықтың нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Бұл - тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихында елдегі сайлау мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілгенін айғақ­тайды және осы таңдау жаңа дәуірдің жарқын беттері болатыны сөзсіз.

Азаттық жолында сан ғасырлар аттан түспей, күреспен өткен ұлы баба­лар­дың аңсаған арманына халқын Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев жеткізді. Қазақ елін әлемдегі іргелі мемле­кет­тер­дің қатарына қосып, шекарамызды шегендеп берді. Бүгінде респуб­ли­камыз­дың өзге елдермен терезесі тең өрке­ниетті мемлекетке айналуын бүкіл әлем Елбасының есімімен тікелей бай­ланыста қабылдайды.

Алдағы кезеңде де еліміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығымен көркейіп, гүл­дене беретініне сеніміміз кәміл!

Нұрлан ОРАЗАЛИН, Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қалихан ЫСҚАҚОВ, Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, Шерхан МҰРТАЗА, Марфуға АЙТХОЖИНА, Әкім ТАРАЗИ, Ахметжан АШИРИ, Валерий МИХАЙЛОВ.

***

Қазақстандағы республикалық этномәдени бірлестіктердің президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі

Үстіміздегі жылдың 3 сәуіріндегі кезектен тыс президенттік сайлауда Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Пре­­зидент және Тәуелсіз Қазақстанның негізін қа­лау­шы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев салтанатты жеңіске жетті.

Бұл өткен сайлау Президенттің Қа­зақ­стан халқының әл-ауқаты мен өр­кен­деуіне бағытталған саяси және эко­но­микалық бағытына бүкілхалықтық қол­дау­ды іс жүзінде және салмақты түрде бейнелеп берді.

Елдегі этномәдени бірлестіктер сайлау қорытындыларына өз қолдауын білдіріп, Нұрсұлтан Әбішұлын Мемлекет басшысы лауазымына сайлануымен құт­­тықтайды.

Сайлаудың нәтижелері объективті және заңды, халықтың көпшілігінің ерік-жігерін бейнелейді және қазіргі Президенттің бас­шы­­­лығымен қол жеткізілген еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы талассыз та­быстармен негізделген.

Біздің елімізде этностардың, мәде­ниеттер мен түрлі діни сенімдегі адам­дардың бейбіт өмір сүруінің бай тәжі­ри­бесі жинақталған. Осынау ерекше тә­жірибе біздің бірлігіміздің түп тамырын айқындайды. Жүргізіліп отырған саясат Қазақстанда тұратын барлық этнос­тардың дәстүрлерін, мәдениеті мен тілдерін қайта жаңғыртып, дамыту үшін жағдайлар туғызды.

Сайлау нәтижелері Қазақстан хал­қының бірлігіне, негізінде тәуелсіздік, еркіндік, тұрақтылық пен толеранттық жатқан базалық қазақстандық құн­ды­лықтарға деген адалдығын сенімді түрде дәлелдейді.

Өз жауапкершілігін, Қазақстан үшін сайлаудың маңызын сезіне отырып, этно-мәдени бірлестіктер өкілдері елдің бүкіл облыс орталықтарында «Біз - Қазақстан халқы» атты Президентті қолдаудың жалпы республикалық электоралдық акциясын өткізді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын қолдай отырып, біз халықтың басым көпшілігінің саяси ерік-жігерін бейнеледік, өзіміздің ұлт­тық ынтымағымызды көрсеттік, халық бірлігін нығайттық.

Біз өз тағдырымызға еркін таңдау жасадық.

Біз оның мемлекеттің болашақ тұ­рақты дамуы үшін, елдің әлемдегі бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру үшін, біздің халқымыздың әл-ауқаты мен өркендеуі үшін қажет екеніне барынша сенімдіміз.

***

«Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі

«Атамекен» одағы» ұлт­тық экономикалық па­ла­тасы болып өткен президенттік сайлауға өзінің қолдауын білдіреді.

Мемлекет басшысының мақ­сатты бағытталған сая­са­ты­ның арқасында елде нарық­тық эко­но­мика қа­лып­тасты, отан­дық биз­несті да­мы­ту үшін жағдайлар жасалып, жетілдірілуде.

Қазірдің өзінде Қа­зақ­стан экономикасының бә­се­кеге қа­бі­леттілігін арт­ты­руға жағдай жасаған Мемлекеттік үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Неғұрлым қолай­лы бизнес-ахуал көрсеткіші бойынша біз әлемде 59-шы орын аламыз!

Біздер, бизнес өкілдері, сөзсіз, Қазақстанның бүкіл табыстарын Мемлекет басшысымен, оның кемеңгер де бірізді саясатымен байланыстырамыз. Оның басшылығымен қабылданған экономикаға инвестициялар тарту, заңнамаларды жетілдіру жөніндегі шаралар саламатты бизнес орта құруға, Қазақстан азаматтарының материалдық әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды.

Біз ел Президентін сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтаймыз және оған экономикалық өсімді нығайтуда одан әрі табыстар тілейміз.

***

Мемлекет басшысын сайлаудағы тамаша жеңісімен Қазақстан халқының Ассамблеясы да құттықтады.

«Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер басшылары Сізді бірауыздан және ыстық ықыласпен 3 сәуір күні өткен кезектен тыс президент сайлауында қол жеткізген айқын жеңісіңізбен құттықтайды.

Сіздің кандидатураңызды ел азаматтарының 95,55 пайызы жақтап, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, этномәдени және діни бірлестіктер, саяси партиялар мен еңбек ұжымдары, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдармен қатар жастар ерекше қолдау білдірді.

Дауыс берушілердің сайлауға қатысудағы белсенділігі - халқымыздың өскен ел, туған жер тағдырына жауапкершілік сезімінің аса жоғары екендігін көрсетті. Жеңіс деген шынайы шындық арқылы мақсатқа жету. Ал біздер ел болашағы мен Тәуелсіздікті нығайтуға ауызбіршіліктің арқасында жеткен халықпыз. Біздер үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, бірліктен асқан қасиетті ұғым жоқ.

Біз өткенін ұмытпайтын елміз! Біз ата-баба мұратын ұлықтайтын елміз! Біз Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында халық мұратын жаңа белеске шығарып, өз келешегімізді өзіміз кемелдендірген елміз.

Біз атамекеннің көркін, ата жұрттың абыройын асыру жолында күш-жігерімізді аямайтын елміз!

Біз Сіздің бастамаңызбен, жаңа мемлекеттің жаңа қоғамын, Тәуелсіздік тарихын қалыптастыра отырып, өзімізді де жаңа уақыттың талабына сай өзгерте білдік.

Сізге дауыс бере отырып, халқымыз әр аптасы жылға татитын жетістіктерге қол жеткізді. Сіздің салиқалы саясатыңыздың арқасында бабалар арманы болған ТӘУЕЛСІЗДІК орнады, экономикалық және әлеуметтік реформалардың іске асуын қамтамасыз еткен ТҰРАҚТЫЛЫҚ пен ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ елімізді әлем елдеріне танытты.

Сіздің басшылығыңызбен, Қазақстан сенімді және нәтижелі табыстарға қол жеткізді. Қадірлі Отанымыздың ИГІЛІГІ артып, ӨСІП-ӨРКЕНДЕУ жолына түсті.

Сіздің жеңісіңіз - бұл бүкіл Қазақстанның жеңісі, халық абыройының асқақтауы, қымбат Отанымыз үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығына ең қымбат сыйы.

Халқымыз туған жерге деген ыстық сезімін, азаматтық парызын, жалпыұлттық келісімді, берекелі қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тыныш өмір үшін өз таңдауын жасады.

Біз бірге өз тағдырымызды өзіміз таңдадық!

Біз Сіздің басшылығыңызбен - болашақтың іргесін бірге қалаймыз!!!», - делінген құттықтауда.

***

ҚР Кәсіподақтары федерациясы да Президенттік сайлаудың қорытындысына қолдау білдірді.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылы бойында Елбасы кәсіподақтар қозғалысын үнемі қолдап келеді. Олардан еңбек адамының ертеңгі күніне деген сеніміділікті қамтамасыз ете алатын қабілетті, айқын күшті көреді, мемлекетіміздің игілігі үшін жұмыс жасауға жағдай жасайды», - делінген федерация мәлімдемесінде.

Мәлімдемеде атап көсретілгендей, ел экономикасының барлық салаларының және әлеуметтік саласының еңбекшілері өз үміттерін қазақстандықтардың болашағы мен әл-ауқатын жақсартады деген сеніммен тек қана ҚР Президенті Н.Назарбаевпен тығыз байланыстырды. Сондай-ақ кәсіподақтар Елбасының басшылығымен Қазақстанда қоғамдық өмірді демократияландыру бағытының жалғасатындығына, еңбекшілердің әлеуметті-экономикалық мәселелерінің шешілетіндігіне және саяси жүйенің жаңаратындығына сенім білдіреді.

«Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жүргізетін реформаларының айнымас қолдаушысы және одан әрі де солай болып қала береді. Мемлекет басшысының сайлаудағы жасампаз жеңісімен құттықтап, мықты денсаулық және біздің Отанымыздың игілігі үшін атқаратын қызметіне табыс тілейміз», - делінген мәлімдемеде.

***

"Біз, Қазақстан Жастар конгресі, Студенттер Альянсы, «Жасыл ел» республикалық штабы, Жұмысшы жастар одағы мен Ауыл жастары Одағының өкілдері Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы қорытындысына қолдау білдіретіндігімізді мәлімдейміз.

2011 жылдың 3 сәуірі күні жүз мыңдаған қазақ жастары Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа өз дауыстарын берді", - делінген Қазақстанның жастар ұйымдарының таратқа мәлімдемесінде.

Мәлімдеме мәтінінде айтылғандай, Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттілікті одан әрі нығайту, қарқынды әлеуметтік-экономикалық реформаларды өткізу мен Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін күшейту туралы бастамалары ел жастарының арасында да қолдауға ие болып келеді.

"Қоғамда болып жатқан үрдістердің жауапкершілігін сезіне отырып, ел жастары өз таңдауын жасады.Біз тұрақты, бірлігі мықты және гүлденген Қазақстанға дауыс береміз! Елбасымен бірге, алға!", - делінген мәлімдемеде.

***

Сонымен қатар Бас редакторлар клубы Мемлекет басшысының қоғамды қайта жаңғырту мен қазақстандықтардың өмірін жақсарту жөніндегі саясатына қолдау білдірді.

Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының 150 басшысы мен бас редакторлары мүше болып табылатын «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі Мемлекет басшысына қолдау білдіре отырып, бүкіл қазақстандықтарды ортақ жеңіспен құттықтайды.

«Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы барынша ашық түрде өтті деп есептейміз. Президенттікке кандидаттардың барлығына бірдей жағдай мен құқық беріліп, барлығы бұқаралық ақпарат құралдарына бірдей дәрежеде қол жеткізді. Барлық кандидаттар еліміздің бүкіл өңірлерінде сайлауалды науқандарын өткізуге де бірдей мүмкіндік алды. Бұл -біздің еліміз ашық қоғам екендігін дәлелдейді», - делінген Бас редакторлар клубының мәлімдемесінде.

Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, әлем жұртшылығы егемендік жылдарындағы экономикалық өсу мен саяси қайта жаңғыру тұрғысындағы Қазақстан жетістіктерін мойындады. Мемлекетпен бірге Қазақстанның медиа-нарығы да даму үстінде. Бүгінгі таңда республикада жұмыс істейтін 2,5 мың бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайыздан астамы мемлекеттік емес болып табылады.

***

Сондай-ақ "KAZENERGY" Ассоциациясы мүшелері де Мемлекет басшысын сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады. Құттықтау мәтінінде былай делінген:

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

"KAZENERGY" Ассоциациясы мүшелерінің Қазақстан Республикасы Президентін сайлаудағы ерекше жеңісіңізге орай шын жүректі құттықтауын қабыл алыңыз.

Көптеген қазақстандықтар сияқты біздің мұнай-газ және энергетика саласы қызметкерлері мен инвесторлары қауымдастығы Сіздің көп жылғы күш-жігеріңіз бен болашақ жоспарларыңызға қызу қолдау көрсететінін растады.

Сіздің терең ойластырылған идеяларыңыз бен көреген іс-қимылдарыңыз іскерлік бастаманы дамыту, халықаралық және жеке инвестицияларды тарту, бүкіл ел мен оның энергетикалық кешенінің сенімді алға басуы үшін Қазақстанның табиғи байлықтарын қазіргі заманғы технологиялармен байланыстырған алып жобалардың дүниеге келуіне қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз етті.

Тәуелсіздік жылдары ішінде тек мұнай-газ саласына салынған қаржының өзі Қазақстанды ТМД мемлекеттері арасында инвестициялық көшбасшы жасай отырып, ондаған миллиард долларды құрады. Осы уақыттар ішінде елдегі мұнай мен газ өндірісі 4 есе өсті, Қазақстанның халықара­лық мұнай рыногындағы үлесі екі есе артты. Атом өнеркәсібі мен энергетиканың өзге де секторлары ырғақты дамуда. Біздің еліміз жаһандық даму үшін ең басты энергия көздерін жеткізіп берушіге айналды, және бұл фактор әлемде әділ түрде Сіздің есіміңізбен байланыстырылады.

Сіздің қазіргі жеңісіңіз сол кезеңдерде индустриялық-инновациялық даму Қазақстанның әлемдегі бәсекеге ең қа­білетті елдердің қатарына кіруге жағдай жасайтын онжыл­дық­тың символдық басталуын, сапалы жаңа ахуалды бейнелейді.

Халық Сіздің Қазақстанды бизнесі ұлт алдында жауапкершілікте болатын, іскер, әл-ауқатты және білімді азаматтары бар қуатты жоғары технологиялық державаға айналдыру жөніндегі жоспарыңызға қолдау көрсететінін мәлімдеді. Біздің ассоциация, бүкіл энергетикалық және инвестициялық қауымдастық Сіздің саясатыңыздан жаңғыру мен дамудың іргелі мүмкіндіктерін көреді.

Біз қазақстандықтардың бүгінгі таңдауының халықтың Сіздің қажырлы еңбегіңізге ізгі ниетті жауабы, Сіздің одан әрі алға басуға шақыруы­ңызға саналы үнқату екеніне сенімдіміз.

Сіздің жеңісіңіз - бүкіл Қазақстанның жеңісі!

Құрметпен,

"KAZENERGY" Ассоциациясының президенті

Тимур ҚҰЛЫБАЕВ.

***

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенттік сайлау қорытындыларын қолдаған мәлімдемесі

Өзінің қатарына елдің барлық өңірлеріндегі 480-нен астам үкіметтік емес ұйым­дар­ды біріктіретін Қазақстанның Азаматтық альянсы үстіміздегі жылдың 3 сәуірінде өткен кезектен тыс президенттік сайлау қорытындыларына өзінің толық қолдауын білдіреді.

Біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевты сай­лаудағы сенімді же­ңі­сі­мен құттықтаймыз әрі де­мо­кра­тиялық және өркен­де­ген мемлекет құрудағы оның көпқырлы қыз­метіне одан әрі табыстар тілейміз.

Демократиялық қоғам орнату Тәуелсіз Қазақстан­ның 20 жыл­дық дамуын­да­ғы ең басты заңды жетістіктердің бірі болып табылады.

Өз қатарына 2 миллионнан астам қа­зақстандықтарды біріктірген үкіметтік емес сектордың дамуы оған айқын айғақ.

Сайлау қатаң түрде қолданыстағы заңнамаларға сәйкес өтті. Барлық кан­ди­даттардың саяси бәсекелестігі үшін бірдей жағдайлар туғызылды. Элек­торат­тың жоғары белсенділігі халықты елді басқаруға іс жүзінде тартудың және оның жоғары саяси мәдениетінің ай­ғағы болды. Сайлау Қазақстанда де­мо­кратиялық және құқықтық мемлекет құру жолындағы кезекті де маңызды қадам болды.

Қазақстанның Азаматтық альянсы өзінің мемлекетпен одан әрі де сындарлы қызметтестікте болу жөніндегі берік ниетін мәлімдейді

***

Жастар ұйымдарының президенттік сайлау қоры­тын­­дыларын қолдаған мәлімдемесі

Біздер, Жастар кон­гре­сі­нің, Студенттер альян­сы­ның, «Жасыл ел» рес­пуб­ликалық штабының, Жұ­мыс­шы жастар одағы мен Ауыл жастары одағының өкілдері өзі­міздің Қазақ­стан Республикасының кезектен тыс пре­зи­денттік сай­лауы­ның қо­ры­тындыларына қол­дау білдіретінімізді мәлімдейміз.

2011 жылдың 3 сәуірінде жүз мың­да­ған жас қазақстандықтар қазіргі Мемлекет басшысы Н.­Ә.На­зар­баевқа өз дауыс­тарын сеніммен берді.

Ұлт Көшбасшысының, Қа­зақ­стан Республика­сы­ның Тұң­ғыш Прези­де­н­ті­нің мемлекеттілікті одан әрі нығайту, ырғақты әлеу­меттік-эко­но­микалық реформалар жүр­гі­зу және Қа­зақстан­ның әлемдік аре­надағы беделін нығайту жөніндегі асқақ жоспарлары ел жас­тары­ның арасында іс жүзінде қол­дау табуда.

Қоғамда болып жатқан үдерістерге деген өз жауапкершілігін сезіне оты­рып, ел жастары өз таңдауын жасады.

Біз тұрақты, біртұтас және өр­кен­деген Қазақстанды қолдаймыз!

Қазақстан жастары бүкіл прогресшіл жұртшылықты елдің 2020 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жос­пар­ы­ның басымдықтарына қол жеткізу үшін өз күш-жігерлерін бағыттауға ша­қырады.

Бәріміз біріксек күшпіз, бәріміз бірігіп Қазақстанбыз!

Президентпен бірге, алға!

***

Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білім алып жатқан қазақстандық жастар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 3 сәуір күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, хат жолдады. Онда былай делінген:

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сайлаудағы табысты әрі жарқын жеңісіңізбен Сізді шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз! Өзіңіз құрған «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен түлектері, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ұжымы өз Көшбасшысының жеңісін қуанышпен қабылдап, туған жерлерінен жүздеген, мыңдаған шақырым қашықта болса да өз қалауларын жасағандықтарын мақтан тұтады. Құрама Штаттардан Жаңа Зеландияға дейін, Австралиядан Ресейге дейін шетелде оқитын 3000-нан астам болашақтық дауыстарын әрдайым болашақта өз Презитенттерімен болуға берді.

Сіздің басқаруыңызбен заманауи, қарқынды, әлеуметті Қазақстанды бірлесе құру мүмкіндігінің болғанына қуаныштымыз. Басшылық жасауыңызбен еліміз айтарлықтай қысқа мерзімде шикізаттық кезеңнен индустриалдық және техникалық кезеңге батыл қадам жасады. Сіз бастаған реформаны жалғастырып, Отанымыздың жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін әрқашан қолымыздан келгенді жасауға аянбайтындығымызды білдіргіміз келеді.

Сізге ортақ мемлекетімізді гүлдендіру жолында табыстар мен мықты денсаулық тілейміз.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз әрқашанда өзіңізбен біргеміз!

Аса құрметпен,

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары,

«Болашақ» бағдарламасының түлектері,

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызметкерлері.

***

Сондай-ақ Мемлекет басшысын сайлаудағы айқын жеңісімен Қазақстан жастарының Конгресі де құттықтады. Құтықтау хаттың мәтінінде былай делінген:

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы,

Айтулы додадағы айбынды жеңісіңізбен құттықтауымызды барша қазақ жастарының атынан қабыл алыңыз. Біз Сіздің жеңісіңізге бірде бір сәт күмән келтірген емеспіз. Жастар қашанда Сіздің жанашырлық қасиетіңізді жоғары бағалап, құрмет көрсетуге дайын екендігін жеткізгіміз келеді. Әрдайым халқымыз Сізге күш-қуат беріп, денсаулығыңыз мықты болып, әлі де болса қазақ халқын биік белестерге жетелей беріңіз деген тілегіміз бар. Өзіңіз бастаған сарабдал жол, салиқалы келешекке Сізбен бірге куә болайық, қазақ халқының маңдайынан қуанышты сәттер мен баянды бақыт кетпесін. «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген ұғым болса, ендігі кезекте «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген ұранмен көш басына ілгерлей берейік. 2001 жылы Өзіңіздің бастамаңызбен қазақ жастарының басын біріктіретін ұйым ретінде құрылған «Қазақстан жастарының Конгресі» бүгінде еліміздің жастарын Сіздің саясатыңыздың қол астына біріктіру жолында жұмыс жасап келеді. Біз әрқашан Сізге қолдау көрсетуге дайынбыз. Біз Сіздің командаңыздамыз. Елбасымен тек қана алға ұмтыламыз!", - делінген құттықтауда.

Құттықтау хатта атап көрсетілгеніндей, соңғы екі жыл еліміз үшін 10 жылға татитын айтулы оқиғалармен тарих беттеріне алтын әріппен жазылды. Еліміздің әлемдік аренадағы орны мен беделі одан әрі нығая түсіп, Елбасының басқаруымен киелі ұлт, қаһарман халық шеті жоқ дамудың даңғыл жолымен ілгері қадам басып барады. Үстіміздегі жылдың 3 сәуірі бүкіл халықтық мерекеге айналып, тағы да әлем жұртшылығының назары Еуразия кеңістігінің жүрегінде орналасқан қасиетті мекенге ауды. Бұл айтулы күн қазақ халқының бірлігі бекем, ауызбіршілігі мол, мызғымас ұлт екенін тағы бір дәлелдеп берді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан қазақ халқына басшылық етуге Елбасы ғана лайық екендін айнымай танып, сезіне білді.

"XVI ғасырда қазақ халқы Абылайды хан етіп көтерсе, ХХІ ғасырда өз халқыңыз Сізді Президент етіп қайта сайлады. Бұдан халықтың Сізге деген асқан сенімділігін, әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігін көруге болады", - делінген құттықтауда.

***

«ҚАЗКА» Қазақстан Кәсіпкерлері қауымдастығының мүшелері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының президенттігіне қайта сайлануымен шын жүректен құттықтады.

Осынау айқын жеңіс барша Қазақстан халқының Елбасы­мызға деген сенімінің жоғары дәрежесінің дәлелі. Еліміздің тәуелсіздік кезеңінен бастап Елбасы басшылығымен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруда, әлемдік қоғамдастыққа интеграциялануда, көп ұлтты ха­лық­тың бейбітшілік пен мейірімділікте жаңа мемлекет салуда елеулі табыстарға қол жеткізуіне тек қазақстан­дық­тар ғана емес, бүкіл әлем куә, делінген құттықтауда.

Қазақстан Елбасымыздың көшбасшылығымен алдыңғы қатарлы демократиялық мемлекетке айнал­ды.

Елбасымыздың орасан зор саяси тәжі­ри­бесі, өмірлік даналығы мен сарқылмас күш-қуаты әлі ұзақ жылдар бойы Қа­зақстан халқының мүддесіне қызмет ететініне күмән жоқ.

**

Еуропа, Түркия, Қытай және Моңғолияда тұратын қазақ диаспораларының бірлескен мәлімдемесі

Қазақстан президентін сайлау жарысында Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын басымдықпен жеңіске жеткеніне бүкіл әлем куә болды. Біз - елден жырақта тұратын 5 миллионға жуық қазақ бұл сайлауға ерекше ынта-ықылас, айрықша қызығушылық таныттық. Соған байланысты шетелдердегі қазақ мәдени орталықтары әртүрлі деңгейде жиындар өткізді. Сайлауға қатысуға мүмкіндігіміз болмаса да, жүректен шыққан ақ тілегіміз, адал ниетіміз Назарбаев жағында екендігін сол басқосуларда ашық білдіріп жаттық. Өйткені, Назарбаев дүниенің төрт бұрышында шашырап жүрген қазақтардың басын тарихи Отанымызға жинауға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл істе толайым табыстарға қол жеткізді. Біз Елбасының осы қайраткерлігін жақсы білеміз, әрі қатты бағалаймыз.

Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жеңісін біз­дің бәріміз зор қуанышпен қарсы алдық. Бұл жеңіс - тек Қа­зақстан тұрғындары ғана емес, жер жүзінің әр қиырында жүрген иісі қазақ ағайын үшін аса маңызды тағдырлы оқиға. Елбасыға шын жүректен құттықтау айтамыз.

А.КЕСЕДЖИ, профессор, Еуропа қазақтары фе­­де­рациясының төрағасы (Мюнхен); Ш.НАЙ­МАН, зейнеткер, Еуропа қазақтарының ардагер ақсақалы (Мюнхен); А.ШЕТИН, зейнеткер (Кельн); М.ЗЕНГИН, кәсіпкер (Осло); И.ҚОСШЫ, кәсіпкер (Стокгольм); Д.ҚЫ­ЛЫШ, кәсіпкер (Ыстамбұл); С.ЖАНБОЛАТ, қоғам қайраткері (Үрімші); Р.АСАЙ, профессор (Улан-Батор).

***

Ресейдің Тверь облысындағы Ржев қаласының басшысы Александр Щетинин Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбековтің атына хат жолдап, барша қазақстандық­тар­ды Нұрсұлтан Назарбаевтың сай­лаудағы зор жеңісімен құттық­та­ды.

«Қазақстан халқы тұрақты­лық­ты сақтауды, қоғамның жаңа­руын және мемлекеттің серпінді дамуын қолдап, өз еркін білдірді»,- деп жазады ол.

Өткен жылы Қазақстан Прези­дентінің тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясының, Ақтө­бе облысы әкімдігінің қолдап, кө­мек­тесуімен Ржев қаласында қа­зақ­стандық 100 және 101-дербес атқыштар бригадаларының қаза тапқан жауынгерлеріне арналып, еңселі ескерткіш тұрғызылды. Елшілік дипломаттары Ресей Феде­рациясы Қорғаныс министрлі­гі­нің орталық мұрағатынан қазақ­стан­дық 10 мың жауынгердің аты-жөнін тауып, бұл есімдер кешен­нің гранит қабырғасына ойып жа­зылған болатын.

«Осы мемориалдық кешен ор­натылғаннан бері біздің өзара достығымыз бұрынғыдан да ны­ғая түсті, - дейді Ржев қаласының басшысы. - Қазір барлық ржевтіктер Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жеңісімен қазақстандықтардың осынау бүкілхалықтық қуаны­шы­на ортақтастығын білдіруде».

Жақсылық жақсылықты ша­қы­рады деген рас екен. Ржев қа­лалық думасы Қазақстан елші­лі­гінің ұсынысын қолдап, осы қа­ладағы жалпы білім беретін №5 орта мектепке қазақстандық 100 және 101-дербес атқыштар брига­даларының атын берді. Бұл білім ұясы бұдан былай «Тверь об­лы­сының Ржев қаласындағы 100 және 101-дербес атқыштар брига­да­лары жауынгерлері атындағы жал­пы білім беретін №5 орта мектеп» деп аталатын болды.

Ржев қаласы басшысының пікірінше, аталған шешім Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қа­һар­ман жауынгерлер есімін мәңгі есте қалдыру жолындағы Қа­зақ­стан мен Ресей мемлекеттері ат­қа­рып келе жатқан бірлескен жұ­мысты дәстүрге айналдырып, екі елдің арасында қалыптасқан тарихи байланыстарды нығайтуға, жастарды патриоттық рухта тәр­билеуге қызмет етеді.

Елшілік қазір Тверь облысы ау­мағында соғысқан тағы да 6 қа­зақстандық әскери құрамалардың жауынгерлері туралы деректер іздестіру жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ елшіліктің осы өңірде Ржев-Вяземск шайқасының мұра­жай­ын құру туралы бастамасын «Единая Россия» партиясының басшылығы, Мәскеу мэриясы, Тверь облысының әкімшілігі, Татарстан және Якутия респуб­ли­ка­ла­рының басшылығы қолдады. Атал­ған жоба «Нұр Отан» және «Единая Россия» партияларының қамқорлығы аясында Мәскеу тү­бін­дегі шайқастың 70 жылдығына орай жүзеге асырылады.

***

Елбасын сайлаудағы тамаша жеңісімен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универси­тетінің студент жаста­ры құттықтады. Қыттықтау мәтінінде былай делінген:

Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Біздер, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универси­тетінің студент жаста­ры, Сізді Қазақстан Респуб­ли­касының кезектен тыс өткен пре­зиденттік сай­лауында нағыз көшбасшы ретінде жеңіске же­туі­ңізбен шын жү­ректен құттық­таймыз! Сайлауда бір­ауыздан өзі­ңізге дауыс бердік. Біз Сізді үлгі тұтамыз, Сізге ұқсағымыз келеді, Сізді мақтан етеміз. Біздер еліміздің егемендігінің ны­ғая тү­суіне, эконо­микасының өр­кендеуіне мүдделіміз. Бола­шағы­мыздың жар­қындығына күмәні­міз жоқ. Өйткені, ол Сіздің жас­тарға жасап отырған қамқорлы­ғыңыздан көрініп тұр. Бір ғана мысал, жастарға әлемдік үл­гідегі "Назарбаев университетін" ашып бердіңіз. Онда шетелдік білікті мамандар дәріс беруде.

Жастар әрқашан Сізбен бірге. Бесаспап маман болып, "бола­шақтың іргесін бірге қалай­ты­ны­мызға" сенімдіміз.

Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Сізге зор денсаулық, күш-қай­рат, мұқалмас жігер, еліміз­дің дамуы үшін тың идея­ла­ры­ңыз бен ұсы­ныстарыңыздың, келелі шешім­деріңіздің сарқыл­ма­уын тілейміз!

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­си­тетінің жастары атынан: жастар ісі жөніндегі комитет төр­айымы А.Абдрахманова; сту­дент­­­тік кәсіп­одақ ұйымының төр­ағасы Ж.Қор­ған­баев; сту­дент­­тік ректор З.Орынбеков; «Жас Отан» Жастар қана­ты­ның атқа­ру­шы хат­шысы Н.Алтаев; «Қа­зақстан Студенттері Альян­сы» рес­пуб­ли­ка­лық студенттер қозға­лысының мү­ше­сі И.Бабик; универ­ситет «ха­лық­тар студенттік ассамблея­сы­ның» белсенді мүше­лері Д.Ов­сеев, Я.Пав­ловская, Е.Ли, А.Штунф, «Ақиқат» пі­кір­сайыс клу­бының төр­аға­сы Ж.Есен­алиев, «Ауыл жастары ода­­ғының» төрағасы Ғ.Тұр­ғын­баев.

ЕСКЕРТУ: Материал Қазақ ақпарат агенттігі мен «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ақпараттардың негізінде дайындалды