Қазақстандықтар финтех-стартаптарға арналған жаһандық инновациялық конкурсқа қатыса алады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда Visa Everywhere Initiative 2023 (VEI) – ашық инновациялардың жаһандық конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды.
Оның барысында стартаптар төлемдер мен коммерция саласындағы болашақтың міндеттерін шешуге арналған өздерінің озық өнімдерін ұсына алады. Өтінімдерді қабылдау 14 мамырға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка (CEMEA) өңіріндегі іріктеу финалы 27 шілде күні тікелей эфирде TechCrunch сайтында – технологиялық сала мен стартаптардың экожүйесіне маманданатын жетекші онлайн-басылымда көрсетілетін болады. Конкурстың өңірлік кезеңінде жеңіске жеткен стартап 19 қыркүйек күні Сан-Франциско қаласында (АҚШ) TechCrunch Disrupt конференциясында өткізілетін жаһандық финалға қатысады.
Биылғы жылы конкурста CEMEA өңірінде алғаш рет қауіпсіздік және тәуекелдерді басқару саласындағы марапат – Fintechs Innovating in Risk Excellence, немесе FIIRE сыйлығы табысталатын болады. Emirates NBD әріптестігімен бірлесе отырып, Visa арнайы номинация аясында алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, киберқауіпсіздік және несиелік тәуекелдерді басқару сияқты салаларда жаһандық финтех-ойыншыларды іздестіреді. Visa және Emirates NBD өкілдерінің бірлескен бағалауынан кейін жеңімпаз жоба 25 000 АҚШ доллары көлемінде жүлдеге ие болып, өңірдің жетекші банкі – Emirates NBD банкімен жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Айта кетерлігі, 2015 жылы VEI байқауы іске қосылған күннен бастап 100-ден аса елдің компаниялары 16 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде қаржыландыру алған, сондай-ақ бүкіл әлемнен 12 000-дай стартаптарды қамтитын комьюнити құрылды. Былтырғы жылы бес өңірден 4 000-нан аса стартаптар қатысқан байқау барысында 530 000-нан астам АҚШ доллары көлемінде жүлде қоры бөлінген болатын.