16:55, 27 Наурыз 2015 | GMT +5
Қазақстандықтар футболдан ЕЧ-2016 іріктеу матчы мен Денис Теннің Әлем чемпионатындағы өнер көрсетуін тікелей эфирден тамашалай алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 наурыз, сенбі күні «Қазақстан» телеарнасы бірқатар маңызды спорт жарыстарын тікелей эфирден көрсетпекші. Бұл туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

28 наурыз күні 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі шеңберінде футболдан Қазақстан құрамасы Исландия командасын өз алаңында қабылдайды.
Алғашқы үш ойында жеңіске жеткен Исландия құрамасы қазіргі кезде А тобында екінші орында тұр. Көрсетілім уақыты - 20.40-та.
Сондай-ақ, 28 наурыз күні қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2013 жылғы мәнерлеп сырғанау бойынша Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы Төрт құрлық турнирінің чемпионы Денис Тен мәнерлеп сырғанау бойынша Әлем чемпионаты шеңберінде Шанхайда өнер көрсетеді. Көрсетілім уақыты - 15.35.