Қазақстандықтар интернет арқылы төлем жүргізгенде негізінен тауарға қолма-қол, ал қызметке карточка арқылы төлейді
АЛМАТЫ. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанда банк карточкасымен интернет арқылы жүргізілетін саудада төлемнің 90 пайызы шетелдік дүкендерге түседі. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы сауда миссиясы (Еуропа-Қазақстан-Азия)» деп аталатын конференцияда айтылды.
«Ресейде интернеттегі бизнестің 85 пайызын тауар, 15 пайызын қызмет құраса, Қазақстанда тауардың үлесі - 30 пайыз, ал қызметтің үлесі 70 пайыз болып отыр. Қазақстандықтар әдетте тауарға ақыны қолма-қол, қызметке карточка арқылы төлейді. Біз қазақстандық үздік 5 банктің біріндегі операцияларға сараптама жүргізгенбіз, онда ақшаның 10 пайызы ғана Қазақстанда қалса, 90 пайызы шетелдік дүкендерге аударылатыны анықталды. Қазір қазақстандық нарықта ақша бар. Тек интернет бизнес оған қажетті қызметтерді ұсына алмай отыр», - дейді Қазақстан интернет қауымдастығы Кеңесінің мүшесі Константин Горожанкин. Оның айтуынша,. интернет арқылы әйелдер косметика, парфюмерия, киім-кешектерді, ал ерлер ұялы телефонды көбірек алады. Қазақстанда Ресейге қарағанда киім-кешек аз сатылады. Бұған қазақстандық нарықта киім сататын жергілікті интернет-дүкендердің болмауы түрткі болып отыр. Қазір онда шетелдік ойыншылар үстемдік құруда.