Қазақстандықтар қандай мобильді қосымшаны жиі қолданады
Технологиялар мен цифрлық қызметтер дамыған заманда смартфонсыз өмір сүру қиын. Цифрландыру халық өмірінің барлық саласына енгізіліп жатыр.
Қазақстандықтар арасында «коммуникация» санатындағы мобильді қосымшалар ерекше сұранысқа ие.
Үздік бестікке отандық ұялы байланыс операторларының екі қосымшасы кірді.
2023 жылғы 27 қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтар арасында ең танымал қосымша - Telegram.
Екінші орында — «Менің Beeline» Beeline ұялы операторының қосымшасы.
Google Play арқылы қосымшаны 10 миллионнан аса адам жүктеген. Осылайша соңғы жылдары көрсеткіш бірнеше есе өскен.
Үздік үштікті WhatsApp Business кәсіпкерлерге арналған мобильді қосымшасы түйіндейді. Оны әлем бойынша 500 миллионнан астам қолданушы телефонына қондырған.
Сондай-ақ, ТОП-5 танымал қосымша қатарына Tele2 Қазақстан және WhatsApp Messenger кіріп отыр.
Ал алғашқы ондыққа Snapchat, IZI, Mail.ru - Email App, Active және Altel.kz енген.
Қазақстанда ұялы байланыс операторлары қосымшаларының танымалдығы таңғалатын жағдай емес. Себебі жылдан жылға ұялы байланыс абоненттерінің саны артып келеді.
Мәселен, 2022 жылдың желтоқсан айының соңындағы жағдай бойынша көрсеткіш бір жылда 3,1%, 17,4 млн абонентке дейін ұлғайды.
Соңғы бес жылда интернет желісіне қолжетімділігі бар абоненттер саны 25,6%-ға өсті.
Одан бөлек, ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы 100 адамға шаққанда 77-ден 89 бірлікке дейін артқан.
Бүгінгі таңда экономиканың түрлі секторларында цифрлық қызметтерді енгізу өзекті болып отыр. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 87,3% құрады және тренд өсіп келеді.