Қазақстандықтар қай әуе бағыты бойынша көп ұшады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанның азаматтық авиация саласында көрсеткіш өсімінің қарқыны сақталды. 2018 жылдың 8 айында жергілікті әуежайлар 9,2 млн. адамға (болжамды дерек) қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық (8,4 млн. адам), деп хабарланды Азаматтық авиация комитетінің Фейсбуктегі ресми парақшасында.
Мәліметке сай, 2018 жылдың 8 айында әуе жолаушылар тасымалының өсімі 15% құрады немесе 5,5 млн. адамға жетті (2017 жылдың 8 айында - 4,8 млн. адам).
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының әуе тасымалының ішкі нарығында «Эйр Астана», «SCAT», «Бек Эйр», «Qazaq Air», «Жезқазған Эйр», «Жетісу», «Южное небо» сияқты 7 қазақстандық әуе компания жұмыс істейді.
Ішкі нарықтағы халық ең көп ұшатын «Алматы - Астана - Алматы» әуе бағыты. Бұл маршрут бойынша екі бағытқа 4 әуе компаниясы («Эйр Астана», «SCAT», «Бек Эйр», «Qazaq Air») аптасына жиілігі 274 рейс орындайды. Орташа есеппен Астанадан Алматыға және кері ұшуға болатын күнделікті 19 рейс бар.
Екінші халық көп ұшатын «Алматы - Шымкент - Алматы» бағыты. Бұл маршрут бойынша екі бағытқа 4 әуе компаниясы («Эйр Астана», «SCAT», «Бек Эйр», «Qazaq Air») аптасына жиілігі 62 рейс орындайды.
Үшінші орында Астана - Шымкент - Астана маршруты. Бұл бағытта 3 әуе компания («Эйр Астана», «SCAT», «Бек Эйр») аптасына жиілігі 60 рейс орындайды.
Қазақстан Республикасында халықаралық нарықта жолаушылар тасымалдайтын 25 шетелдік және 2 қазақстандық әуе компания бар. Халықаралық бағытта ең көп қолданылатын - «Алматы - Мәскеу - Алматы» маршруты. Бұл екі бағытқа екі әуе компаниясы («Эйр Астана», «Аэрофлот») аптасына 60 рейс орындайды.
Екінші халық тарапынан сұранысқа ие «Астана - Мәскеу - Астана» маршруты. Бұл екі бағытқа екі әуе компаниясы («Эйр Астана», «Аэрофлот») аптасына 48 рейс орындайды.
Үшінші орында «Алматы - Ыстамбұл - Алматы» маршруты. Бұл екі бағытқа екі әуе компаниясы («Эйр Астана», «Turkish Airlines») аптасына 34 рейс орындайды.
Айта кетейік, күні кеше жаңа халықаралық әуе бағытының ашылатынын хабарлаған болатынбыз. Бүгінде Қазақстан мен Сербия арасында тіркелей рейстер үшін құқықтық база орнатылды, енді Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі қатынайтын болады.