Қазақстандықтар қазақ қоғамына қарағанда Ресейдің мәселесін жетік біледі - Болатхан Тайжан қорының президенті
АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандықтар ресейлік ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен "Қазақстан халқының бірлігі доктринасы: теориядан тәжірибеге" деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз болды.
"Бізде ұлттық саясатты құру 2000 жылдан бастап еурофундаментке негізделуде. Қазір Қазақстанның көпұлттылығы туралы көп айтылады. 2009 жылғы ресми халық санағының қорытындысы бойынша 128 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Оның 105-і 10 мың адамға жетпейді. Мәселен 128 ұлт пен ұлыс өкілдерінің 49-ы 100 адамға, 20-сы 500-ге, 15-і мың адамға, 13-і бес мыңнан да кем", дейді Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Болатханұлы. Экономист ғалымның айтуынша, Қазақстанда қазір ресейлік 5248 мерзімді басылым жарық көреді немесе сырттан әкелінеді. Ал қазақстандық 2970 мерзімді басылымның 450-і ғана қазақ тілінде шығарылады.