«Қазақстандықтар қазақ ұлтына қашан айналады?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат.  Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 27-сі,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақстандықтар қазақ ұлтына қашан айналады?» - республикалық басылымдарға шолу

«Тамыздың тамылжыған таңы Алматылық мұғалімдердің бір-бірінен сүйінші сұраудан басталды десек те жарасар. Білім және ғылым министрінің қатысуымен Алматының әкімі Ахметжан Есімов қаладағы 10 білім ордасына жаңа жолаушылар көлігін тапсырды»,- дейді «Айқын» газеті бүгінгі санында. Басылым «Білім министрі Алматының әкімін үлгі етті» деген тақырыппен кеше Алматыда өткен қала ұстаздарының тамыз конференциясы турасында жазған.

Аталмыш басылымдағы «Қазақстандықтар қазақ ұлтына қашан айналады?» деген тақырыптағы салмақты сұраққа құрылған мақала «Әлемде бар үрдіс: сен қай мемлекеттен шықсаң - сол мемлекетке ат беріп отырған ұлттың өкілісің. Шетелде Қазақстаннан шыққан бүкіл азаматтарды қазақ ретінде қабылдайды»  - деп,  елді ойландырар ой тастайды.

«Ауылды өз кәсіпкерлері ғана дамыта алады». Осы тақырыппен ауыл тіршілігіне назар аударған «Айқын» газетіндегі келесі мақала ауылға қамқорлық жасап, қаржы бөлуден кенде емеспіз дей келе, ауылдағы мәселе әлі мызғымай тұрғандығын жазған.  

**
«Биылғы меже - 95 тұрғын үй кешені» деген тақырыппен берілген «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы мақалада Астана қаласының бірқатар құрылыс нысандарын аралаған әкім Иманғали Тасмағамбетов  осы жылы барлығы 95 тұрғын үй кешені пайдалануға берілетінін айтыпты.

 «Педагог - мамандарының дәстүрлі Тамыз кеңесінде бір әйел кимелеп келіп, аяқ астынан айқай-шу көтерді. Қала әкіміне айтар арыз - шағымын арқалай келген ол сөзін тыңдату үшін құшағындағы сәбиін зал балконынан лақтыруға да әзір екенін жеткізді», - деп жазды Алқалы жиында елді елең еткізген оқиғаның мән-жайын «Астана ақшамы» газетіндегі «Баласын алып, байбалам салып» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар.

***

«Әйелдер Альянсы құрылды». Осы тақырыппен «Нұр Астана» газеті бүгінгі санында «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен, «Іскер әйелдер қауымдастығы» РҚБ, «Республикалық әйелдер кеңесі» ҚБ бастамасымен өткен Қазақстан әйелдері ұйымдарының форумы турасында жазды.

Тіл туралы заңның қабылдануының 20 жылдығына орай, аталмыш басылымда «Қазақ тілі қайратына мініп келеді» деген тақырыптағы мақала жарық көрді. Мақалада тіл туралы құнды пікірлер жазылған.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы  «Жас инспекторлар жолға шықты» атты мақалада мектеп жасындағы балалардың жол апатына ұшырау жағдайының алдын-алу мақсатында Алматыда өтіп жатқан «Абайлаңыз, балалар!» іс-шарасының жай-жапсары баяндалған.

 Аталмыш газеттің «Білгім келген бір сұрақ» айдары бойынша атақты Жәңгір ханның кезінде қазақ балаларына арнап салдырған мектебі туралы қызықты ақпарат берілген.

 Сондай-ақ, газетте мұғалімдердің тамыз мәслихатының мән-жайын баяндайтын «Білім саласына көңіл бөлген сайын сапасы төмендейтіні қалай?» деген тақырыптағы өзекті мақала жарық көрген.

***

Ал енді орыс тілінде шығатын «Казахстанская правда» газеті осы күнгі нөмірінде Жапонияның  Ниигата қаласында өткен БҰҰ-ның қарусыздану бойынша ХХІ конференциясынан жазылған көлемді мақала жариялаған. «Ниигата: Қазақстанның үлгісі сенімді нығайтады» тақырыбен берілген мақала жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне арналған конференцияда талқыланған жайттарға тоқтала келе, ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен Қазақстанның бастамасы әлемге үлгі болып отырғандығына назар аударған.

 Аталған басылым сондай-ақ «Қабылданған заңдар жұмыс істеуі тиіс» тақырыбымен  Бас прокурор Қайрат Мәми мырзаның эксклюзивті сұхбатын жариялапты. Бас прокурор ЕҚЫҰ-ға төрағалық, елдегі заңдылықтардың сақталуы, ел азаматтарының құқықтарын қорғау және конституциялық реформалар төңірегіндегі ойларын ортаға салған.

***
«Комсомольская правда» апталығы «Қазақстан» бетінде еліміздің Конституция күнін мерекелеу шараларына дайындығына назар аударған. Сонымен қатар, басылым жаңа оқу жылы қарсаңындағы проблемаларға да назар аударып, мектепте ақша жиналатынын, ал бала бақшаларда орын жетпейтіндігін жазады.