Қазақстандықтар Қырғызстанның ашық чемпионаты және Азия біріншілігінен 11 медаль алып келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында замануи бессайыстан ашық чемпионат және Азия біріншілігі аясындағы жарыстар аяқталды, деп хабарлайды sports.kz.
Қазақстан құрамасы жеке командалық біріншілікте эстафета және MIX эстафетасы бойынша өнер көрсетті.
Жарысқа Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Үндістан, Сингапур, Ресей, Қазақстан мен Қырғызстан сияқты 8 мемлекеттің спортшылары қатысты.
Ерлер арасындғы үздік көрсеткіштер бойынша үштікті Ли Донгги (Корея), Темірлан Айтымбетов (Қырғызстан) пен Денис Тюрин (Қазақстан), әйелдер арасында - Жеонг Мина (Корея), Полина Матюхевич (Ресей) пен Ким Сэхии (Корея) құрады.
Командалық есепте ерлер арасында Корея құрамасы алға шықты. Екінші орынға Қырғызстан құрамасы тұрақтады. Үшінші орынға қазақстандықтар - Денис Тюрин, Владислав Сухарев, Павел Ильяшенко табан тіреді. Әйелдер арасында да Корея құрамасы үздіктердің көшін бастады. Екінші орында Қазақстан (Ардақ Ахидулаева, Елизавета Ахметова, Регина Тамакина), үшінші орында Қырғызстан тұр.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 11 медаль жеңіп алды: алтын, 6 күміс және 4 қола.