Қазақстандықтар мемлекеттің сенімді қамқорлығында екеніне кезекті рет көз жеткізе алды - Елбасы поштасынан

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстанның туристік қауымдастығының президенті Р.Асанбаевадан хат келді.

Қазақстандықтар мемлекеттің сенімді қамқорлығында екеніне кезекті рет көз жеткізе алды - Елбасы поштасынан

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті.

Өз хатында Р.Асанбаева түрік авиакомпаниясының банкротқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен қазақстандық туристерге көрсетілген қамқорлық үшін алғысын білдірген. Осы себептен отандық туристік фирмалар да қиын жағдайға тап болған болатын, оның көпшілігі - шағын және орта бизнес субъектілері.

«Сіздің тапсырмаңызбен отандастарымызды елге қайтару үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшақтарын бөлу және жедел, төтенше көмек көрсету туралы Қазақстан азаматтары мен туристік қоғамдастық үшін маңызды шешім қабылданды», - делінген хатта.

Хат иесі мемлекет тарапынан көрсетілген көмек 800-ден астам қазақстандық туристік фирманың орнықты жұмысын сақтап қалуға мүмкіндік жасағанын, егер банкроттық орын алған жағдайда 4 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін болғанын атап өткен.

«Сіздің шешіміңіз Отанымыздың күш-қуатын және қарапайым азаматтар, барша қазақстандықтар мемлекеттің сенімді қамқорлығында екеніне, ешқашан қорғаусыз қалмайтынына, оларға әрқашан көмек көрсетілетіне сенімділікті көрсетті», - деп жазады Р.Асанбаева.