Қазақстандықтар мұнайлы елдер боксшыларына намысты қолдан бермеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Нижневартовск қаласында мұнайлы елдер арасындағы әлем кубогы мәресiне жетті.
XIV рет ұйымдастырылған Социалистік Еңбек Ері Фарман Салмановты еске алуға арналған турнирге әлемнің 13 елінен 148-ден астам былғары қолғап шебері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат dodasport.kz сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық додада биыл спортшыларымыз 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріліп, жүлдегерлерге ақшалай сыйақылар табысталды.
52 келі салмақ дәрежесінде Салауатов Рашид финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. 75 келіде сынға түскен Амандық Манашев «қолаға» ие болды. Әйелдер арасындағы бәсекеде Назым Ищанова да үшінші орыннан көрінді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Ханты-Мансийск қаласында өткен сайыста 60 келі салмақта астаналық Дархан Жұмсақбаев пен 69 келіде күш сынасқан атыраулық Азамат Досмағамбетов күміс жүлдегер атанған болатын.