Қазақстандықтар несиені көбірек ала бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылғы 9 айда берілген несиелердің көлемі 525 млрд. теңгеге ұлғайды.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Банктердің экономикаға несиелерінің қалдығы ағымдағы жылы өзгерген жоқ, яғни 12,7 трлн. теңге. Алайда, 2016 жылғы 9 айда берілген несиелердің көлемі 525 млрд.теңгеге ұлғайып, 7,2 трлн. теңге болды», - деді Д. Ақышев.
Ұлттық банк басшысы теңгемен берілген несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің қаңтардағы 23,7 пайыздан қыркүйекте 16,3 пайызға дейін төмендегенін атап өтті.
«Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмысын жалғастыратын болады. Ел экономикасындағы дағдарысты құбылыстар сақталған жағдайда Ұлттық банк қаржы нарығын реттеудің қарсы циклдық сипатын ұстанады, банк секторының жағымсыз жағдайларға орнықтылығына үнемі бағалау жүргізетін болады», - деп қорытындылады Д. Ақышев.