Қазақстандықтар Ресейдегі бокс турнирінен 16 медаль олжалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Челябинскіде жыл сайынғы әйелдер арасындағы бокстан халықаралық турнир аяқталды. Жарысқа 108 қыз қатысты, олардың 62-сі Қазақстан спортшылары.
Қалғандары Өзбекстан мен Ресей Федерациясы өңірлерінің: Дағыстан, Хакасия, Алтай өлкесі, Красноярск өлкесі, Киров облысы және Орал федералды округінің өкілдері, деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінен.
Турнир қорытындысы бойынша қазақстандықтар 7 алтын, 6 күміс және 3 қола медальға ие болды. Өз салмақ дәрежесінде бірінші орын алғандар: Ангелина Лукас (51 кг), Аида Тұяқбай (54 кг), Ақерке Наурызбаева (57 кг), Римма Волосенко (60 кг), Әлия Әбдірайымова (64 кг), Зарина Цолоева (69 кг) және Мөлдір Базарбаева (81 кг жоғары).
Күміс жүлдеге Алуа Балқыбекова (48 кг), Әйгерім Қасенаева (51 кг), Әйгерім Ошақбай (54 кг), Карина Ибрагимова (60 кг), Мәдина Нұршаева (64 кг) және Екатерина Братухина (69 кг) қол жеткізді.
Қола жүлдені Севара Тәжіқұлова (51 кг), Аяулым Боранбаева (54 кг) және Аида Сатыбалдинова (64 кг) алды.