Қазақстандықтар сайлауда патриоттық танытуда - тарихшы Карл Байпаков
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР БҒМ Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының құрметті директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов ҚР президенттік сайлауда дауыс берді.
«Президент сайлаған кезде, алда не күтіп тұр деген сұрақ туындайды. Әлемде күрделі жағдай. Саяси жағдай күн санап құбылуда. Біз және көптеген елдер қиындықты бастан өткерудеміз. Сондықтан жұдырықтай жұмылуымыз қажет», - деп тарихшы ойымен бөлісті. Ол қазіргідей күрделі кезеңде көп жұмыс істеу қажеттігін қосты.
«Біздің мақсатымыз биік - өмір сүру деңгейімізді арттырып, әлемдегі озық елдермен иық тірестіруіміз қажет. Ол үшін әлеуетіміз де мықты болуы шарт. Біз алға жылжу үшін мақсатымызды айқындап алдық», деп жалғастырды К. Байпаков.
Тарихшы бүгін сайлаушылардың ішінде егде адамдар да жастар да болғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл қазақстандықтардың елдегі саяси жағдайға бей-жай қарамайтындығын көрсетеді.
«Тәуелсіздік жылдары менталитет, психология өзгерді. Өз-өзімізге сенімділігіміз, біліміміз, сауатымыз артты. Тиісінше, сайлау да сапалы ұйымдастырылып, адамдардың бойында патриоттық сезім ұялаған. Патриоттық - үдерістің қуатты қозғаушы күші, солай болған, болып та қала береді», - деді ол.