Қазақстандықтар тамыз айында қанша шетелдік валюта сатып алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк тамыз айында халықтың қолма-қол шетелдік валютаны сатып алуы жөнінде ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандықтар тамыз айында қанша шетелдік валюта сатып алды

«2018 жылғы тамыз айында халық 343,9 млрд теңгеге нетто-негізде қолма-қол шетелдік валюта сатып алған. Бұл - жаз айларындағы дәстүрлі маусымдық сұраныс», - деді Ұлттық банк өкілі.

Сұранысқа ие негізі валюта АҚШ доллары 71,1% құрайды. Ал ресейлік рубль мен еуроның үлесі сәйкесінше 21% және 7% болды.

Былтырғы жылдың тамыз айымен салыстырғанда қолма-қол шетелдік валютаның нетто-сатылымының жалпы көлемі 4,5% азайған. Бұл АҚШ долларына сұраныстың төмендеуіне алып келді (сатып алу шығыны 17% қысқарды). Қолма-қол ресей рубльдерін сатып алу деңгейінің артуы (2017 жылғы тамыз айымен салыстырғанда 56,2% өскен) көбіне ұлттық валютаның сауда қатынасында, әсіресе шекара бойындағы облыстарда қолданылуына байланысты.

«Сондай-ақ, қолма-қол ресейлік валютаға сұраныстың артуы теңгенің рубльге шаққандағы бағамының нығаюына байланысты болды. Яғни үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында 7,3% құрап, бір рубль 5,77 теңгеден 5,35 теңгеге дейін төмендеген. Еуроға сұраныс (2017 жылғы тамыз айымен салыстырғанда биылғы жылдың ұқсас мерзімінде сатып алу шығындары 46,6% құрады) маусымнан маусымға дейін әр айда өзгеріске ұшырап, тұрақсыз болып қалып отыр», - деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.