Қазақстандықтар ұлттық құндылықтарымыздың айналасында бірігуі қажет - депутат О. Асанғазы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біз ұлттық құндылықтарымызға, қазақ мәдениетінің айналасына бірігуіміз керек. Бұл туралы бүгін 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру барысына арналған Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы мәлім етті.
О. Асанғазының айтуынша, қазіргі «100 нақты қадамда» да, бес институционалды реформада да көтеріліп отырған мәселе - біздің біртекті мәдениетіміз.
«Елбасының тәуелсіздік алғаннан бергі арманы - елдің бірлігі. Осы бірлік жүйелі мемлекеттік саясаттан және ортақ мәдениеттен тұрады. Яғни, саясатымыздың сарабдал болуы, тәуелсіздік алғаннан бері әлеуметтік-саяси жағдайда жеткен жетістігіміздің дұрыс екеніне көзіміз жетті», - дейдi ол.
Депутаттың айтуынша, қазақтың байырғы, баянды, ғасырдан ғасырға үзілмей келе жатқан мәдениеті - бүкіл қазақстандықтарды біріктіре алатын мәдениет.
«Сондықтан, біз, қазақстандықтар біртектілік жағдайына келген кезде, осының іргетасын қалайтын ұлттық құндылықтарымыз туралы айта кетуіміз керек. Біртектілікке келетін болсақ, Наурыз мейрамы - нағыз бірліктің мерекесі, араздасқанды достастыратын, барлық өкпені ұмыттандыратын мереке. Жалпы, сырға салудан бастап қыз ұзату, үйлену тойы сияқты қазақтың кез-келген дәстүрі жаңа заманға лайықталып, бұрынғыны жаңарта отырып, өте керемет мәдениетке айналды. Айтыс өнерінің өзі - бұрынғы тарихымызды тірілтті және нағыз демократияға айналды. Осының барлығы, қазақтың мәдениеті бүкіл қазақстандықтарды біріктіре алатынын көрсетіп отыр. Сондықтан, біртектілік дегенде, біртекті мәдениет дегенде, біз қайда бірігеміз десек, біз ұлттық құндылықтарымыздың, қазақ мәдениетінің айналасында бірігуіміз керек», - деп атап өттi ол.
«Мемлекетті құрайтын ұлт - қазақ ұлты. Дегенмен, Қазақстанның жерін мекендеп отырған кез-келген этносқа рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Қандай биік мінбер болсын, қандай мәдени жарыс болсын, кез-келген ұлттың өкілі қазақтың салтын сыйлайтынын дәлелдейді. Жалпы, ұлтты ұлт етіп қорғайтын, мемлекетті мемлекет етіп алма-ғайып кезеңнен алып шығатын оның рухани қорғанысы дейтін болсақ, біздің қазақстандықтарға өз мәдениетін оқуға келгенде кем қалып жатқан тұс - мемлекеттік тіліміздің жағдайы», - деді депутат.