Қазақстандықтар велоспорттан Азия чемпионатында 6 медаль жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Велоспорттан Азия чемпионаты өтіп жатқан Накхон Радчасима қаласында велотрек бойынша жарыс аяқталды. ҚР құрамасы 6 жүлдеге ие болды, оның бесеуін жасөспірімдер олжалады, деп хабарлады Қазақстанның велосипед спорты федерациясының баспасөз қызметінен.

Қазақстандықтар велоспорттан Азия чемпионатында 6 медаль жеңіп алды

Ересектер арасында Артем Захаров медальға қол жеткізді. Ол омниумде 3-орынға ие болды.

Құрамында Сергей Шатохин, Асылхан Тұрар, Алішер Хұмақан және Владимир Цой бар төрттік командалық жарыста алтыннан алқа тақты. Екінші және үшінші орынды корейліктер мен жапондықтар өзара бөлісті.

Нәзік жандылар тобы бұл сында қола жүлдеге ие болды. Құрама құрамында: Светлана Рябова, Татьяна Генелёва, Надежда Генелёва, Виктория Пастарнак болды.

Надежда Генелёва 20 шақырымды бағындырып, екінші орынға ие болды. Жеке сында ол тағы шеберлігін көрсетіп, қола алқаға қол жеткізді. Ал Светлана Рябова скретчте қола жүлдегер атанды.

Бүгінде азия чемпионатында қатысушылар тас жолда бағын сынамақ. Негізгі - ерлер арасындағы топтық жарыс 12 ақпанда өтеді. Қазақстан құрамасынан оған Вадим Галеев, Нұрболат Күлімбетов пен Жандос Бижігітов қатысады.