Қазақстандықтар жағажай волейболынан Азиялық турдың қола жүлдесін жеңіп алды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық спортшылар жағажай волейболынан Тайландта өткен Ханом – «Федербау» Азиялық турының қола жүлдегері атанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Волейбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нахоншритхамарат қаласында өткен бұл жарысқа 28 команда қатысқан болатын. Алексей Сидоренко мен Дмитрий Яковлевтің жұбы өз тобында қытайлықтар (21:19, 21:18) мен филиппиндіктерді (21:8, 21:15) жеңді. Ал 1\8 финалда тайландтықтарды (21:18, 21:16), ширек финалда Жаңа Зеландия командасын (21:15, 21:12) жеңіп, тек жартылай финалда индонезиялықтардан (17:21, 17:21) ұтылды. Олар қола жүлде үшін болған тартыста алаң иелерінен 2:0 есебімен (21:13, 21:11) басым түсті. Онда қазақстандықтардың тағы бір командасы Алексей Кулешов пен Александр Бабичевтің жұбы 9-шы орынға табан тіреді. Енді сәуірдің 9-11 күндері Тайландтың Паталунг қаласында өтетін Паталунг - Лома - «Федербау» Азиялық турында Алексей Сидоренко мен Дмитрий Яковлевтің жұбы Жаңа Зеландия, Үндістан, Вьетнам, ал Алексей Кулешов пен Александр Бабичевтің жұбы Индонезия, Филиппин командаларымен кездеседі. Бұл екі жұп сондай-ақ, сәуірдің 14-16 күндері Сонгхла қаласында өтетін Самила - «Федербау» Азиялық турында да бақ сынайтын болады.