Қазақстандықтар жария ету шоттарына 859,1 млрд. теңгеден астам сома енгізді - ҚР Ұлттық Банкі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 25 мамырда қазақстандықтар жария ету мақсаттарына арналған шоттарға 859,1 млрд. теңгеден астам соманы енгізді, - деп хабарлады ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.

Қазақстандықтар жария ету шоттарына 859,1 млрд. теңгеден астам сома енгізді - ҚР Ұлттық Банкі

Салыстырмалы түрде ағымдағы жылғы 1 мамырда қаржы реттеушісінің деректері бойынша банк шоттарына 594, 9 млрд. теңге салынды.

Ұлттық Банкте хабарлағандай, 2014 жылғы 1 қыркүйектен бастап, 2016 жылғы 25 мамыр аралығындағы жария ету науқанының барлық кезеңі ішінде банктер 1209 банк шоттарын ашты. Салынған ақша мен ашылған шоттардың саны бойынша бұрынғысынша Алматы қ., Астана қ., Атырау, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстары көшбасшы болып келеді.

Ұлттық Банк нақтылағандай, жария ету науқаны қарқындарының жеделдетілуі жария ету рәсімдерінің жеңілдетілуіне, атап айтқанда, бес жыл ішінде ақшаны сақтау және алымның 10%-ын төлеу бойынша талаптардың жойылуына, сондай-ақ азаматтар үшін конфиденциалдылық пен қауіпсіздіктің қосымша кепілдіктерінің енгізілуіне байланысты.

Сонымен қоса, Қазақстанның Ұлттық Банкі ақшаны жария ету науқанын кеңінен тарату бойынша БАҚ-та және интернетте белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде.

Науқанға 31 банк пен Ұлттық почта операторы қатысатынын атап өтеміз. Аталған науқан туралы толық ақпарат ҚР Ұлттық Банкінің ресми порталындағы «Мүлікті жария ету» бөлімінде орналастырылған.