Қазақстандықтарды Мәжіліс пен мәслихат сайлауынан кейін не күтіп тұр
Телеэфир қонақтары «Жаңа саяси маусым» тақырыбында 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауына қатысты сөз өрбітті.
Олардың пікірінше, алдағы сайлаудың ерекшелігі аралас сайлау жүйесімен өтетіндігі және бір мандатты округтерден кандидаттар өзін-өзі ұсына алады.
Еске салсақ, бір мандатты кандидаттар соңғы рет 2004 жылы сайлауға қатысты.
Азаматтарға қалаған кандидатына дауыс беру мүмкіндігін жасау аймақтық деңгейдегі өкілді органдарды құруда өте маңызды.
Себебі мәслихат депутаттары тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
«Өзін-өзі басқару тиімді жүйе. Өз басым жаңа құрамнан көп нәрсе күтпеймін, бірақ адамдар осылайша тәжірибе жинайды. Бұл кезеңнен өткен дұрыс»,- деп атап өтті «Астана» халықаралық университетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушысы Таисия Мармонтова.
Саясаттанушы Дина Айкенова мажоритарлық жүйені жақтайтынын айтты.
«Сіз мектеп салуды партиядан әлде уәде берген кандидаттан сұрайсыз ба? Осы тұрғыда мен мажоритарлық жүйені қолдаймын. Сайлаудан кейінгі тенденцияға келер болсақ, экономикалық аймақтық элита пайда болады. Кей сарапшылар бұл адамдарды аймақтық лоббистер деп атайды. Бұл өте қызық, әсіресе үш үміткерден бар округтерде. Ол жерде бір адам қоғамдық пікір көшбасшысы, қоғам қайраткері немесе бұрынғы депутат әлде әкім болуы мүмкін. Басқа жағынан үшінші кандидат ірі бизнестің өкілі болуы да мүмкін. Осылайша науқан тартысты өтеді деп ойлаймын», - дейді ол.
Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл қоғамдық саясат дами түсіп, проблемалар көпшілік алдында талқыланады деп сенеді.
«Соңғы жылдары элита тек мемлекеттік қызмет, оның ішінде билік органдары арқылы қалыптасып келді. Бұл негізінен дұрыс емес. Біз қазірдің өзінде қоғамдық саясаттың қайта жанданғанын көріп отырмыз, өйткені биліктегілер халыққа ашық түрде жүгініп жатыр. Қалай болғанда да, жүйе тұрақтылығы үшін саяси элитаны қоғамның қатысуымен қалыптастыру қажет. Сондай-ақ, Мәжіліс сайлауынан кейін революциялық өзгерістерді күту аңғалдық дегенмен келісемін. Десек те жаңа құрам идеялар мен реформалар ұсынып, белсенді болады. Бұған дейін реформаларды тек Президент ұсынып келді», - деп түйіндеді институт басшысы.