Қазақстандықтардың 93 пайызы прокуратураға тамыр-таныссыз орналасу мүмкін емес деп санайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауалнамаға қатысқан 7 500 адамның 93 пайызы проркуратураға тамыр-таныссыз орналасу мүмкін емес деп санайды. Кеше «Прокуратураға үздік кадрлар!» деп аталатын дөңгелек үстел барысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осылай мәлім етті.

 Қазақстандықтардың 93 пайызы прокуратураға тамыр-таныссыз орналасу мүмкін емес деп санайды

«Бір апта бұрын интернетте «Прокуратураға таныссыз орналасуға бола ма?» деген сауалнама жарияладық. Нәтижесі таң қалдырды. 7 500 адам жауап берген. 7 мыңы, яғни 93 пайызы мүмкін емес десе, тек 500-і ғана мүмкін деп отыр. Олар оптимистер сияқты. Бұл да жақсы», - деді Ж.Асанов.

Оның атап өтуінше, дәл осындай сауал еліміздің 3 жоғары оқу орындарында жүргізілген. Сауалға жауап берген 480 студенттің тек 45-і ғана, яғни 10 пайызға жетпейтіні прокуратураға өз күшіңмен орналасуға болады, деп санайтындықтарын білдірген. Ал қалғандары тамыр-таныс арқылы ғана прокуратура органдарына жұмысқа орналасуға болатындығын айтқан.

«Бұл ескі, көнерген парадигма. Сонау кеңес заманынан 2013 жылға дейін ешқандай конкурс болған жоқ. Заңгер дипломы болса жеткілікті болды. Облыс прокурорының көңілінен шықсаң болғаны жұмысқа қабылдайды. Бірақ, әділдік үшін айта кетейін, кеңес уақытында мұншама көп заңгер  білім алып шыққан жоқ. Ол кезде ҚазМУ мен ҚарМУ университеттерін ары кетсе 500 маман бітіріп шығатын. Бұған қоса олардың сапасы да өте жоғары еді», - деді Бас прокурор.

Осы орайда ол 2013 жылы прокуратураға жұмысқа орналасуда конкурстан өту енгізілгенімен, таныс-тамыр арқылы қабылдау жалғасып келе жатқандығын баса атап өтті.