Қазақстандықтардың 98 пайызы қазақ елінің азаматы болғанын мақтан тұтады - Е.Тоғжанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың 98 пайызы қазақ елінің азаматы болғанын мақтан тұтады. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» атты ІІ халықаралық медиа форумның жалпы сессиясында ҚХА Төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов айтты.
«Соңғы әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес халықтың 98 пайызы біздің еліміздің азаматы екендігін мақтан тұтатындығын білдірген. 95 пайызы басқа барлық этностардың өкілдеріне оң көзқараста екендігін атап өткен», - деді ол. Сонымен қатар Е.Тоғжанов бұл бос сандар еместігін, елдегі шынайы ахуалдың нақты көрінісі екендігін атап өтті. Елімізде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың айқын нәтижесі екендігін баса айтып, биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы екендігіне ерекше тоқталды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы - ол елдіктің, бірліктің, бейбітшіліктің жылы. Бүгінгі форумның да мақсаты белгілі. Жалпы, дүниежүзінде жүріп жатқан көптеген трендтер бар. Соларды таразыдан өткізіп, сараптап, өз ішімізде де кеңінен талқылайтын уақыт жетті деп ойлаймын», - деді ол.